Билік

Діни сауаттылықты арттыру қажет

 

 

Өңір мектептерінде «Дінтану негіздері» факультативтері 2009 жылдан бері өткізілуде. Мектеп бағдарламасы бойынша курстар барысында дін туралы түсінік беріліп, діннің тарихи формалары, буддизм, христиан діні мен ислам, жаңа діни ағымдар және тәуелсіз еліміздегі діннің орны мен конфессияаралық түсіністік мәселелеріне арналған барлығы 34 сағат қарастырылыпты. Факультативтерді 5 жылдың ішінде 9 сыныптардың 32 мың оқушысы меңгерген. Алайда, мектеп бағдарламасына жақында ғана кіргізілген пәнді оқытуда мәселелер жоқ емес. Бұл жәйттар облыстық әкімдіктің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.

 

Шолпан Каринова, СҚО білім басқармасының басшысы:

-«Дінтану негіздері» бойынша факультативтерді облыс бойынша 462 мұғалім оқып келеді. Олардың 336-ы – 6 жылдан астам еңбек өтілі бар ұстаздар. Өзге 27 пайызының еңбек өтілі шамалы, көпшілігі жас мамандар. 2010-2014 жылдар аралығында 286 ұстаз осы бағыттағы біліктілігін арттыра алды. Алдағы оқу жылында тағы 126 ұстазды оқыту курстарына жолдау жоспарланып отыр.

 

Яғни, алдымен оқушыларға діни түсінік беретін, ақ-қараны ажыратуға септесетін ұстаздардың бұл мәселеге қатысты білген-түйгендері еш күмән тудырмауы тиіс. Факультатив курстарында «Білім» баспасында шығарылған авторлары Ғарифолла Есім, Айдар Абуовтің оқулықтары ғана пайдаланылады. Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова курстарға қажетті әдістемелік материалдардың, дидактикалық әдістемелердің жоқтығын сөз етті. Кеңес отырысында, бұл мәселелерді шешу жолдары да сөз болды.

 

Сәуле Сүлейменова, ҚР ҰГ әскери институтының профессоры:

-Оқушылардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын факультативтерді көп жағдайда тым жас, тіпті әлі өздерінің өзектері қатпаған мұғалімдер береді. Ұстаздардың өздеріне де дінтанушылардың курстарын тыңдаған артық етпейді. Сонымен қатар, баршаға ортақ ғылыми, дінтану саласындағы оқыту-әдістемелік әдебиеттер жоқтың қасы, қуантарлығы, қазір бірқатар тексерілген жинақтар баспаға дайындалуда. Ұстаздардың сабақтарына қатысу кезінде байқағанымыз, көпшілігі факультативтердің барысында күмәнді сайттардан алынған ақпаратты пайдаланып жүр.

 

Сонымен қатар ғалымдар факультативтер кезінде діндерді салыстыру, бірінен бірінің артықшылықтарын ашық түрде насихаттап, оларды «негізгі дін», «негізгі емес» деп бөліп-жарып қарауға болмайтынын сөз етті.

Кеңес барысында Қызылжар ауданында діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу жөніндегі үгіт-насихат топтарының жұмысы туралы да тыңдалды. Қазіргі таңда, аталған ауданда бұл бағытта 1 топ пен 19 шағын топша жұмыс істеуде. Қызылжар ауданының әкімі Еркебұлан Кәменов те осы күні білікті мамандардың жоқтығын айтып, теологтарды әзірлеу мәселесін көтерді. Отырысты қорытындылаған өңір басшысы бұл шараларды барлық аудандарда жүргізуді тапсырды.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

-Ақпараттық-үгіт топтарының жұмыстарын одан әрі жалғастырып, халықтың арасында ағарту шараларына екпін беру керек. Бұл жұмыстар барлық аудандарда жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Әсіресе, оқушылар мен жастарға, жиын барысында айтылғандай, тұрмысы төмен отбасыларында тәрбиеленіп келетін жеткіншектерді назардан тыс қалдырмау керек. Материалдық-техникалық базаны да нығайту қажет.

 

Сонымен қатар облыс әкімі кеңес отырыстарында қаралатын материалдардың ертерек дайындалуы қажеттігін  ескертті.

 

Гүлмира Шоқтыбаева