Білім

Биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясына бір мыңнан астам қазақстандық үміт арта алады

 

 

Мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен 1993 жылы пайда болған. Осы уақыт аралығында оның шарапатын 10 мыңнан астам қазақстандық көрген. Биыл да алыс, жақын шетелде оқығысы келетін азаматтардың саны толастар емес. Қазірдің өзінде Президент тағайындаған стипендияға 600 шақты адам иек артып отыр. Бірақ олардың тағдырын шетелде даярлау жөніндегі республикалық комиссия шешеді. Бір айтарлығы, бұрындары сырт мемлекеттердің оқу орындарында экономика, заң, қаржы саласының өкілдері білімдерін жалғастыра алса, биылдан бұл бағдарламаға инженер-техник, мәдениет және БАҚ өкілдері де иек арта алады.

 

Айбек Жұпанхан, “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ тағылымдама бөлімінің басшысы:

-Сонымен қатар үміткерлер “Болашақ” бағдарламасы шеңберінде шетелге оқуға тағылымдама бойынша 3-ші категориямен бара алады. Олар: ғылыми-педагогикалық, екінші, медициналық қызметкерлер және инженер-техникалық мамандар.

 

Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың дені Ұлыбритания, АҚШ және Қытай, Ресей елдеріндегі университеттер мен академияларды таңдайды екен. Шетелде оқуға Астана, Алматы мен Қарағанды қаласының тұрғындары көбірек құлық танытатын көрінеді. Ал солтүстікқазақстандықтардың үлесі әлі күнге шамалы. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша тек 25 петропавлдық оқып келген. Самат Шалхабанов мемлекеттік қызметкер. Оның облыстық қаржы басқармасында жұмыс істеп жүргеніне 1,5 жылдан асқан. Алайда, бағдарламаға қатысу үшін оған тағы кем дегенде 6 ай еңбек ету керек. Ол бүгін осы және өзге де шарттарды семинардан біліп алды. Сондықтан, келешекте мен де білімімді шет елде толықтырамын деп бекініп отыр.

 

Самат Шалхабанов, СҚО қаржы басқармасының бас маманы:

-Болашақта РФ Мәскеудегі ұлттық мемлекеттік университетіне түсу арманым. Қаржы саласында білімімді толықтырып, сол бар білгенімді Қазақстанның өркендеуіне, дамуына жұмсасам деймін.

 

Семинар барысында теріскейліктер бағдарламаның шарттарымен жіті танысты. Бұдан былай бағдарлама стипендиаты атанудан үміткер Қазақстанның әр азаматы ХҚКО арқылы немесе электрондық цифрлық қолтаңба алып, арызын ағымдағы жылдың 31-ші қазанына дейін e-gov сайтынан жолдай алады. Жалпы биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясына 1100 қазақстандық ие болады деп жоспарланып отыр.

 

Берік Қасен