Әр түрлі

Банк саласының ардагері 90 жасқа толды

 

Анна Целых бүгінде 90 жасқа келсе, сол ғұмырының 3/1 бөлігін қаржы саласына арнапты. Кезінде оның жемісті еңбегі жайлы әріптестері республика көлемінде білетін. Демалыс күндері мерейтой иесін әріптестері мен жақын құрбылары да құттықтады.

 

Нина Чернышова, әріптесі:

-Мен Аннамен банкте 30 жыл бойы әріптес болдым. Ол жас кезінде өте мықты болды. Банк бөлімшелерінде жұмыс істейтін қызметтестері одан сол кезде жасқанатын. Әріптесім құжаттар мен есептерді бес саусағындай білді. Кейде өзінен лауазымы төмен әріптестері бір кішкентай қате жіберсе, өзі түзетіп отыратын.

 

Анна Целых барлық сый-құрметке лайық жан. Мерейтой иесінің 90 жасқа толғанынан ҚР Ұлттық банкінің бас кеңсесі де хабардар. Олар әжейге Алматыдан арнайы құттықтау хатын жолдапты. Қазір кейуананың өмірі мен табысты еңбегі жайлы республикалық, жергілікті газет-журналдар жарыса жазып жатыр. Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымов қаржы интитуты қызметкерлерінің атынан туған күн иесіне ЛЕД экранды теледидарды сыйға тартты.

Анна Целыхтың еңбек жолында қарапайым есепшіден басқарма басшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілген.

 

Анна Целых, банк жүйесінің үздігі, ҰОС ардагері:

-Банкте бас есепші міндетін атқардым. 4 лауазымда болдым. Нақтырақ айтқанда, қаржы саласы жайлы барлығын жақсы білетінмін. Қиындықты бірге өткерген әріптестерімді әлі күнге дейін ұмытпаймын. Барлығы да жақсы адам болатын.

 

Оған қоса әжей ҰОС ардагері. Ол кезде 17 жастағы бойжеткен майдан даласында жараланған жауынгерлерге алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен. Денесін күйік шалып, ысқырған оқтар мен жағалай жарылған снаряд ұшқындарынан 3 мәрте ауыр жарақат алса да, өмір үшін арпалысып, аман қалды. Қазір кейуана бейбіт заманның орнағанына қуанады. Анна Целых бүгінде 5 немере, 1 шөберенің әжесі атанып отыр. Дастархан басында қонақтар оған Ұлы Жеңістің 70 жылдығына аман жетуін тілеп жатты. Біз де сол тілекке қосыламыз.

 

Берік Қасен