Қоғам

Орманды өрттен сақта!

 

 

Күн жылып, жер кебісімен орманшылар үшін аса қауырт маусым басталды. Жыл басынан ғана өңірде 6 мәрте отқа оранған тоғайларда тілсіз жау 22 Га жасыл желекті құртыпты. Оның салдарынан мемлекеттік орман қорына 170 мың теңгенің шығыны келтірілген. Жалпы өрттердің шығуына адамдар тікелей себеп болған дейді мамандар.

 

Василий Лабанчук, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

2 факті бойынша кінәлілер анықталды. Олар Есіл және М. Жұмабаев аудандарының агроқұрылымдары. Алқаптарында қыстан қалған сабанды жаққан. Салдарынан орман маңындағы құрғақ шөпке от түсіп, ағаштар өртке оранды. Шығынмен қатар айыппұлдары толықтай ендіріліп алынды.

 

Болашақта бұндай күюге жол берілмес үшін табиғат сақшылары есік қақпай келетін апаттың алдын алу шараларына кірісіп кетті. Өңірдегі 550 мың Га жерден астам тоғайлы алқапты күзету шаралары күшейтілді. Бүгінде облыс аумағының тек 5 пайызында ғана жасыл желектер жайқалып тұр. Бұл табиғи құндылықты от тұтқындамас үшін өзге де кешенді шаруалар тындырылуда.

 

Василий Лабанчук, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

Бүгінде 370 шақырымға тарта ормандардың айналасы жыртылып, құрғақ өсімдіктерден тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл жылдық жоспардың 35 пайызы. Тоғайлардың айналасына шөп шықпас үшін ұдайы минералды жолақтар жыртылып тұрады. Халықпен кездесіп түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

 

Табиғат сақшыларында тілсіз жаумен күрес құралдары мен арнайы техника сай тұр. Оқыс жағдайға жетерлік жанар-жағармай қоры бар. 334 орманшы қарамағындағы аумақтарды қатаң бақылауда ұстайды.

 

Жеңіс Ермұқанов