Денсаулық сақтау

Ақхалаттыларға құрмет көрсетілді

 

Әр мемлекеттің басты байлығы ол сол жерді мекендеген халқында. Ал олардың денсаулығын сақтауда медицина қызметкерлерінің алар орны ерекше. Гиппократ антына адал болуға серт берген ақ халаттылар үшін адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ деп атап көрсетті денсаулық сақтау саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімі.

Қазіргі таңда Елбасының тапсырысы бойынша 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ондағы көзделген мақсат ел халқының өміршендігін арттырып, өлім-жітім көрсеткішін қысқарту. Бұл бағытта аянбай тер төгіп жүрген солтүстікқазақстандық дәрігерлер аз емес. Солардың бірі Есіл ауданындағы Волошинка дәрігерлік амбулаториясының фелдьшері Рәзия Көжеғұлова. Кәсіби мерекелерінде ол халық денсаулығын нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Алғыс хатымен марапатталды.

 

Рәзия Көжеғұлова, Волошинка дәрігерлік амбулаториясының фельдшері, Есіл ауданы:

-Еңбегімнің жоғары бағаланғанына өте қуаныштымын. Бұл тек менің емес, барша ұжымымның жеңісі деп білем. Бүгінде мемлекет тарапына тек ірі қалалар ғана емес, елді мекендердегі медицина мекемелеріне айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Біз өз кезегімізде Елбасының халықтың денсаулығын жақсару тапсырмасын тиісті деңгейде жүзеге асыруға уәде береміз.

 

Медициан қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне арналған салтанатты шара барысында еңбегі жоғары бағаланған ақ халаттылар аз емес. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен 7 солтүстікқазақстандық марапатталса, өңір басшысының қолынан Алғыс хат алғандар саны алтау. Солардың бірі Роза Қалиева. Ол санитарлық-эпидемиологиялық салада 1979 жылдан бері еңбек етіп келеді екен.

Сондай-ақ осы күні 5 солтүстікқазақстандық ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен марапатталды. Еңбегі жоғары бағаланғандардың бірі – Серік Алмолдин.

Кәсібі мерекелерінде сондай-ақ тағы 6 солтүстікқазақстандық “ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі” төсбелгісіне қол жеткізді. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі құрмет пен сыйға лайық. Осындай ізгі тілектер соңы жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Самат Есмағи