Денсаулық сақтау

“Аналарды құтқару үшін – қауіпсіз қан”

 

Әдетте күніне не бары 50-ге тарта қан тапсырушы азаматты қабылдайтын орталық бүгін донорларға лық толы. “Бір тамшы қан – бір өмір” деген ұранды ұстанған жерлестеріміздің қарасы қалың. Тіпті қан тапсыруға ниет білдергендердің арасында қалалық мәслихат өкілдері де бар.

 

Ләззәт Жалмұқанова, қалалық мәслихат хатшысы:

– Бүгін қалалық мәслихат депутаттары донор күніне қатысып отыр. Мен өзімді жылда қатысушы деп санаймын. Өйткені ол міндетті түрде көп адамдарға көмек болады. Және де адамдарды бұл акцияға қатысып, басқаларына көмек көрсетуге шақырамыз.

 

Әр донордан 450 мл. көлемінде қан алынады. Дәл қазір Николай Грицай саусағынан қан тапсыру үстінде. Яғни, алдымен терапевтер оның қан тобын анықтап, Николайға донор болуға рұқсат берілетінін, не берілмейтінін айтады. Ақ халаттылар мақұлдағаннан кейін ол келесі – қан тапсыру бөлмесіне өтеді.

 

Николай Грицай, қан тапсырушы:

– Бұл акция жайында біз жұбайым екеуіміз ғаламтордан оқып білдік. Өмірде әр түрлі оқыс оқиғалар болады. Біреулер жол апатына ұшырап, қан жетіспегендіктен өмірден озып жатады. Сол себепті де донор болуға бел будық. Көмек үшін қан тапсыру – әр азаматтың парызы ғой.

 

Жалпы қан тапсыру 8 кезеңнен тұрады. Мысалы, мына процедура – плазмофорез деп аталады. Орталықта қан плазмасын, яғни сұйықтық бөлімі, ақуыздар коллоидты ертіндісін бірден тапсыруға мүмкіншілік бар. Аталған үрдіске 45 минут қажет. Кейін плазма 4 айға карантинға жабылады. Ал донорлар 14 күннен кейін қайта қалпына келеді.

 

Сабыржан Тәуекелов, облыстық қан орталығының директоры:

– Қан тапсырушы донорлар қатары жылдан-жылға артып келеді. 2010 жылы 7 мыңдай донор болса, 2013 жылда он жарым мыңға жуық қан тапсырушы өз ниеттерін білдірді, яғни соңғы үш жылда донорлардың саны 3000-ға артты. Қаламыздың тұрғындарына бұл акцияға атсалысып жатқанына алғысымды айтамын.

 

Бүкіләлемдік донор күні 2004 жылдан бастап аталып келеді. 18 жасқа толған әрбір азамат қаламыздағы “Облыстық қан орталығына” келіп донор бола алады. Науқастың өмірі үшін қан тапсыру – әр адамның азаматтық парызы.