Облыс әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

Билік

15:47 12 Маусым 2014

Биыл өңіріміздің білім саласында 5,8 млн теңгенің заң бұзушылығы анықталыпты. Бюджеттегі олқылық орнына келтірілді. Бұған кінәлі төрт маман әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сөгіс, ескертулерін алды.

Шолпан Қаринова, СҚО білім басқармасының басшысы:

– Сондай ауылдық жерлердегі 6 білім беру мекемелерінің жетекшілері жемқорлыққа жол берген. Негізінен, заңбұзушылықтар директорлардың өз қарамағындағы ұжымнан ақша жинау фактілеріне қатысты. Жұмыс орнында болмаған ұстаздарға толық сабақ уақытын қойып берген жайттар да кезігеді. Кейбір мемлекеттік сатып алу үрдістерінің заң бұзушылықтарсыз өтпегендігі белгілі болып отыр.

Оқу үрдісінде де мәселелер жоқ емес. Ғ Мүсірепов ауданындағы бірсалалы кәсіптік оқу мекемесінің студенттермен қамтылуы тым аз. Дәл осы себеппен Айыртаудағы гуманитарлық-техникалық колледждің есігі құлыпталды. Чистополье елді мекеніндегі ауыл шаруашылығы колледжінің жағдайы да осыған таяу қалған. Өңір жетекшісі орта кәсіптік білім беру жүйесіне аса мән бөліп, мәселелерді дереу шешу керектігін қадап айтты. Аталмыш салада жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың өршіп баратыны да өңір басшысының сын садағына алынды.

Жүктеменің орындалуын қадағалауды облыс әкімі орынбасары Фархад Қуанғановқа тапсырды.

Кейін ведомствоаралық комиссия мүшелері Қызылжар ауданында қолға алынған сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларынан құлағдар болды.

Еркебұлан Қаменов, Қызылжар ауданының әкімі:

– 2014 жылдың басынан ар-намыс кодексі бойынша бірде-бір мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған жоқ. ҚР жемқорлықпен күрес заңнамаларын бұзған 1 лауазымды тұлға айыпты деп танылды.

Тайынша ауданында 4 мемлекеттік қызметшінің 14 бірдей жемқорлық фактісіне қатыстылығы анықталған. Айыптылар тиісті жазаларын алды. Жиын соңында облыс әкімі көз қысты, бармақ бастылықтың тамырына балта шабу шараларын күшейтуді тапсырды жауапты тұлғаларға.

Жеңіс Ермұқанов