Қоғам

Маусымның 28-інен қасиетті Рамазан айы басталады

 

16 күннен соң 12 айдың сұлтаны – Ораза басталады. Шайтандар кісенделіп, тозақтың есігі жабылып, жаннаттың қақпасы ашылатын қасиетті айда барша мұсылман ауыз бекітуі қажет. Қазір мешіттерде Ұлық мерекеге дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Осы уақытта міндетті деп есептелетін пітір садақа мөлшері де белгіленді. Ол – екі келі ұнның құны. Яғни жан басына 200 теңгеден бекітілді.

 

Кенжетай қажы Дүйсенбай, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Жылына бір мәрте келетін Рамазан айы 36 жыл дегенде жаздың тура ортасына келіп отыр. Сондықтан да осы айда шамасы жеткен мұсылмандар оразасын ұстап, алла тағалаға құлшылық етіп, еліміздің, халқымыздың тыныштығын, береке-бірлігін, отбасысының амандығын сұрап дұға етіп, тілек тілейтін ай.

 

Рамазан айында ауыз бекіткен 30-40 адамға күнделікті мешіт қабырғасында тегін кешкі ауыз ашар беру жоспарланыпты. Мұндағылар аталған игі шараны Рамазан айы аяқталғанша ұйымдастырмақ ниетте. Қайырымды іске өзге диаспора өкілдері де қатысуға ықылас танытқан екен. Баспасөз мәслихатында жылына бір рет берілетін зекет жайында да сөз болды.

 

Кенжетай қажы Дүйсенбай, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Мұсылманның бес парызының бірі, осы Рамазанмен қоса келетін Зекет мәселесі. Көптеген қайырымдылық іс-шаралар атқарылып жатқан жерлерге зекеттерін береді. Яғни, ол алтын-күмістен немесе ақшалай 1 жылдық түсімінен 1 мөлшерде беріледі. Шариғатта оны нисап дейді.

 

Ауыз бекіту маусымның 28-інен басталады. Жалпы Рамазан айы – рухани жаңғыру уақыты болып саналады. Осыған орай, қандай да бір сұрағы бар жандарға мешітте дін өкілдері жауап береді.

 

Бану Ахметова