Энергетика

Энергетиктер электр желілері мен тарату қондырғыларын жаңартуға 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсаған

 

 

Электр тарату компаниясының инвестициялық бағдарламасы 2 жылға созылған. Осы аралықта қондырғыларды жаңғыртуға жұмсалған қаражат 1 миллиард 604 миллион теңге. Баспасөз туры барысында атқарған жұмыстарын энергетиктер сөз бен емес, іс жүзінде дәлелдеді. Солардың бірі – Бескөл ауылындағы жоғары кернеулі мына трансформатор, елді мекенде олардың саны төртеу. Бұдан бөлек компания өкілдері тозығы жеткен 18 шақырымдық электр желілерін жаңаға алмастырыпты.

 

Александр Рейзлин, «СК РЭК» АҚ бас директоры:

– Бұл қондырғылар тұтынушыларды сапалы әрі үздіксіз қуат көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз жаңғырту бағдарламасы шеңберінде әр үйге тоқ жеткізетін сымдарды да жаңасына алмастырдық.

 

Бұл – атқарылған жұмыстардың бір парасы. Ең негізгісі – пайдаланылған электр қуатын автоматты түрде есептейтін жүйенің орнатылуы дейді мамандар. Ол онлайн түрде тоқтың жұмсалуын қадағалап отыруға мүмкіндік беретін көрінеді. Бүгінде жаңа жүйеге Бескөл ауылы бойынша 808 абонент қосылған. Қала бойынша олардың саны 1369 болса, 222-сі Жұмысшы кентінде тұрады. Шеткері аудан тұрғындарына тоқ көзі мына трансформатордан таратылады.

 

Александр Черников, «СК РЭК» АҚ бас инженері: -Панфилов пен Побелянский көшелерінің қиылысындағы мына трансформаторды жаңадан орнаттық. Себебі көктем уақытында бұл маңды су басып, оның деңгейі құрылғының электр қуатын тарату деңгейіне дейін жетті. Ал заманауи құрылғы болса, ескісінен әлде қайда биік, әрі тұтынушыларды сапалы тоқпен қамтамасыз етуге жол ашып отыр.

 

Пресс-турға қатысушылар өз кезегінде мамандарға көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Ал аталмыш компания мен қоғам өкілдерінен құрылған жұмыс тобының міндеті – жаңғыртуға бағытталған ақшаның тиімді пайдаланылғанын қадағалау болып табылады.

 

Нелли Бабакехян, СҚО табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаменті жетекшісінің орынбасары:

– Қазіргі күні біз инвестициялық бағдарламаға бөлінген қаржының әр тиынына дейін орынды жұмсалуын қадағалауды мықтап қолға алдық. Ал осы секілді пресс турлар атқарылып жатқан жұмыстарды әр тұтынушыға жеткізуде мол мүмкіндік береді. Жаңғырту шараларын жүргізудегі басты мақсат – халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету болып табылады.

 

Қазіргі күні энергетиктер жұмыс сапасын одан әрі арттыру тұрғысында 2014-2015 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кіріскен. Оған бағытталған қаражат 2 миллиард 150 миллион теңгені құрайды.

 

С.Есмағи