Қоғам

ЕЭО жағдайында өнім сапасын бақылау

 

 

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелікке енгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Семинар барысында одақтың еліміз үшін қаншалықты тиімді екендігі төңірегінде әңгіме өрбіді. Үш елдің нарығында отандық тауарөндірушілердің өнімдері сұранысқа ие болуы үшін нендей жұмыстар атқарылуы керектігі жайлы ойлар ортаға салынды.

 

Марат Ырысбеков, техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының кеңесшісі, Астана қаласы:

– Мәселен Ресей Федерациясында мемлекеттік бақылау өндіріс пен тасымалдау барысында жүргізіледі. Қазақстанда ол жұмыстар тауарды сату барысында орын алады. Сондай-ақ біз өнім сынамасын алуда, оны жекеменшік зертханаларға жөнелтеміз, ал Ресейде бұл үрдістер мемлекеттік жүйе арқылы жүзеге асырылады.

 

Мамандар бұл ретте үш елдің мемлекеттік қадағалауын жаңадан құрудың қажеті жоқ, тек оны үш жаққа тиімді етіп толықтыру қажет дейді. Осы тұрғыда елордалық мейман техникалық реттеу тұрғысында отандық модельдің үш түрлі жобасымен таныстырды семинарға қатысушыларды. Ол әлі қолданысқа енгізілмеген. Десек те, солтүстікқазақстандық мамандар еуразиялық экономикалық одақ шеңберіне тиімді жаңа үлгімен бүгіннен бастап жұмыс істеуге әзірміз дейді.

 

Вадим Маршаков,СҚО техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы:

– Үш мемлекет арасындағы бірыңғай сауда кеңістігі отандық кәсіпкерлерге өз өнімдерінің сатылым аумағын кеңейтуге мол мүмкіндік береді. Алайда оның сапасы ортақ талаптарға сай болуы шарт. Бұл ретте жалпы бақылаудың қалай жүргізілетіндігі келісілу үстінде. Көп ұзамай нақты шешім қабылданады деп ойлаймыз. Ол кезде отандық тауардың сын-сипатына деген талаптардың күшейері де сөзсіз.

 

Техникалық реттеу және метрология төңірегіндегі жаңашылдықтарға қатысты семинарлар бүгінге дейін еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліпті. Біздің облысымыз тізімдегі ең соңғысы.

 

Самат Есмағи