Билік

Өңір жетекшісі облыс орталығындағы саябақтардың жағдайын өз бақылауына алды

 

 

Жеңіс саябағы оған жақын маңдағы ауданда тұратын петропавлдықтардың жалғыз баратын орны. Қазір саябақта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда келген облыс әкімі Ерік Сұлтанов ең алдымен ардагерлермен кездесті. Демалыс орнының аумағын аралап шыққан аға буын өкілдері өңір басшысына осыған дейін бірнеше рет көтерілген «Кеңес Одағы батырларының аллеясын» тұрғызу мәселесін айтты.

 

Григорий Кухарь, еңбек ардагері:

-Бізде Кеңес Одағының 55 батыры және 11 Даңқ орденінің кавалері бар. Сондықтан мына жолдың екі жағына олардың ескерткіштерін орнату керек. Батырларға қатысты бізде барлық ақпараттар бар. Суреттері мен ерліктері жазылған материалдар жеткілікті.

 

Қазір мемориал-кешеннің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Оған 30 млн. теңге қаржы жұмсалады деп көзделген. Құрылыс жұмыстары шілде айының ортасында басталмақ. Есіл өзенінің бойын да бір шолып өткен облыс әкімі Ерік Сұлтанов жағажайда демалушыларға ыңғайлы болсын деп бұл жерде де аббаттандыру шараларын жүргізу қажеттігін айтты.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

Саябақтың мына аумағы бос жатыр. Сондықтан ол жерге аттракциондар қою қажет. Бос жер тұрмауы тиіс. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына қарай жоспарланған шаруаны тәмамдауымыз керек. Аллеяны жасауға барлығы атсалысуы қажет.

 

Кейін Ерік Сұлтанов мәдениет және демалыс саябағына ат басын бұрды. Бұл жерде ол аттракциондардың жұмысын байқап, демалушыларға жасалып жатқан жағдайдан құлағдар болды. Ардагерлердің айтуынша, саябақта арақ-шарап өнімдерін сататындар қаптап кеткен. Бірінші кезекте, соларды қолға алу керек. Көнекөздер саябақ аумағын жасыл желекпен көмкеру керектігін де айтып өтті.

 

Нелли Иванова, еңбек ардагері:

ғаштарды көптеп егу керек. Балалары әткеншек теуіп жатқанда ата- аналары жасыл желектің аясында отырып дем алса, қандай рахат болар еді. Бұрындары мұнда ағаштар көп болатын, қазір өкінішке қарай, оларды кесіп тастады. Жаңаларын отырғызу керек. Гүлдер көп болса, жақсы болар еді.

 

Күнделікті мәдениет және демалыс саябағына 5 мыңға жуық адам келеді екен. Биыл «Мир аттракционов» ЖШС кішкентай балғындар үшін 6 жаңа әткеншек алған. Мұндағылар келушілердің қауіпсіздігіне де баса назар аударады. Үстіміздегі жылы аббаттандыру жұмыстарына да көңіл бөлмек.

 

Александр Козлов, «Мир аттракционов» ЖШС директоры:

Жуық арада ескі дүңгіршектерді жаңаларына алмастырамыз. Гүл, ағаштар егу де жоспарда бар.

 

Бұдан соң жаңартылған аттракциондар жұмысын облыс әкімінің өзі тексеріп көрді. Кейін «Мир аттракционов» ЖШС басшылығына тұрғындардың сапалы демалуы үшін жағдайлар жасау керектігін ескертті.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

Ардагерлермен саябақты аралап шықтық. Әрине барлық аумақта абаттандыру шараларын жүргізіп, қоқыстан арылту керек. Оның үстіне ақсақалдар мәдениет және демалыс саябағының аумағында тамақтанатын жерлер көп және оларда арақ-шарап өнімдері сатылатындығын айтты. Оларды да заң шеңберінде шешуге тырысамыз. Ал жалпы саябақтың жағдайы көңіл көншітерлік деңгейде.

 

Ерік Сұлтанов ескі саябақ аумағында да тазалық жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Жуық арада ескірген ағаштарды кесіп, саябақ аумағын қоқыстан арылту қажет деді. Бұдан кейін облыс әкімі Пестрое көлінің жағдайымен танысты. Мұнда жағажайға құм төсеп, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі ескертілді.

 

Мағжан Ахмадина