Билік

Мамлют ауданына жаңа әкім тағайындалды

 

Мамлют ауданы әкімінің қызметіне Ерболат Бекшенов тағайындалды. Ол бұған дейін Мамлют қаласы әкімінің орынбасары, Мамлют қаласының әкімі қызметтерін атқарған. Жаңа кадрлық ауысымға дейін аталмыш аудан әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген болатын. Жаңа басшыны аудан активіне өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов таныстырды.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

Ерболат Мұратұлы Бекшенов 1973 жылы туған. Мамандығы экономист. Басшылық қызметті Тайынша ауданындағы Донецкий селолық округінің әкімінен бастаған. Жұмыс тәжірибесі мол. Мамлют ауданының әкімі қызметін де абыроймен атқаратынына сенім мол.

 

Жаңа әкімнің кандидатурасын аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан мақұлдап, алдағы уақытта қоян-қолтық жұмыс істейтіндеріне сенім білдірді. Өз кезегінде сөз алған Ерболат Бекшенов жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруға серт берді.

 

Ерболат Бекшенов, Мамлют ауданының әкімі:

-Ерік Хамзаұлы, сенім артып, жаңа қызметке тағайындап жатқаныңыз үшін рақмет. Өз білімім мен күш-жігерімді ауданның дамуына жұмсауға уәде етемін. Елбасы тапсырмаларын жүзеге арттыруда аудан халқы, депутаттар корпусымен бірлесіп жүзеге асырамыз деп ойлаймын.

 

Ал осыған дейін аталмыш ауданға басшылық еткен Владимир Бубенко ендігі жерде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқармақ.

 

Владимир Бубенко,СҚО әкімінің орынбасары:

-Ерік Хамзаұлы, маған сенім артқаныңыз үшін алғысымыды білдіремін. Осы жерге басшылық еткенде аудан халқымен бірлесіп біраз істер атқардық, жүзеге асырылмай қалған жоспарларымызды жаңа әкім Ерболат Мұратұлы соңына дейін жеткізетініне сенім мол. Еңбегіңізге сәттілік тілеймін.

 

Бұдан соң өңір басшысы Ерік Сұлтанов жаңа әкім Ерболат Бекшеновқа бірқатар міндеттер жүктеді.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

Мал шаруашылығын дамытуға баса назар аудару қажет. Себебі аудан көлеміндегі ірі қара басы әлі аз. Оны тиісті деңгейге жеткізсек, қосымша жұмыс орындары пайда болады. Екіншіден, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері жалақысының өсуіне жағдай жасау қажет. Сіздерде ол жағы да әлі төмен. Сондай-ақ ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасаңыз. Мемлекет пен біздің тарапымыздан әрқашанда қолдау болады.

 

Тапсырмалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қажет. Міндеттемелердің бәрін жергілікті билік басындағыларға Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жүктеп отыр. Ондағы мақсат халықтың әл-ауқатын арттыру.

 

Самат Есмағи