Билік

Банктер кәсіпкерлікті белсендірек қолдауы керек

 

Өңіріміздегі екінші деңгейлі банк филиалдары басшыларының басын қосқан жиында қаралған мәселе екеу. Оның бірі – кәсіпкерлікті дамыту, екіншісі облыстағы қаржы секторының бүгінгі жай-күйіне қатысты болды.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

-Кәсіпкерліктің инфрақұрылымын қолдау – шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Ал аталмыш сала өркендесе, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сондықтан, банктер өз ісін ашқандарға қаржылық тұрғыда мейлінше жағдай жасаулары керек. Одан кәсіпкердің де, банктердің де ұтылмасы анық.

 

Бүгінде өңірімізде екінші деңгейлі банктердің 19 филиалы бар. Олардың кәсіпкерлерді қаржыландыруда атқарып жатқан жұмыстары қаншалықты? Бұл жәйттер кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының баяндамасында көрініс тапты.

 

Алмас Хасенов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының жетекшісі:

-“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асыру тұрғысында өткен жылы ең көп қаржы бергені – “Центр кредит банкі”. Олардың үлесіндегі несиелендірілген жоба саны 14. “Сбербанк” пен “БТА” банктерінікі 20. Бұл жұмыстар биыл да жалғасуда. Қазіргі күні 8 жобаны “Сбербанк” қолдаса, “Цесна”, “Центр кредит” пен “БТА” банктерінің әрқайсысы 5 жобадан құптап отыр. Сондай-ақ, осы жылы кәсіпкерлікті қолдау тұрғысында бюджеттен 6 пайыздық үстеме ақымен 100 миллиард теңге бөлініп, қайта өңдеу саласына бағытталды. Оны банктер де қолдап отыр. Қазір қаржы институттарының қарауында 17 жоба бар.

 

Кәсіпкерлікті қолдауда банктердің берген әр несиесі жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндіктер береді. Ол екі қолға бір күрек іздегендердің еңбекпен қамтылуына жағдай жасау деген сөз.

Алайда, аграрлық секторды дамытушылардың екінші деңгейлі банктерден несие алуында қиыншылықтар бар. Оның дені ауылдықтардың кепілге қояр мүліктерінің жоқтығына қатысты. Облыс әкімі мәселені жуық арада шешу қажеттігін атап көрсетті.

Банктер өз ғимараттарының бүгінгі кескін-келбетін заман талабына сай безендірулері мен өздеріне тиесілі аумақтардың тазалығына да мән берулері керектігі айтылды жиын барысында. Өңіріміздегі екінші деңгейлі банктер жыл басынан өңір халқына жалпы сомасы 105,4 миллиард теңгені құрайтын несие берген. Ал бұқараның депозиттік салымдары болса 65,5 миллиард теңгеге жетіпті. Қаржыгерлер бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады дейді.

 

Темірғали Маекенов, “Қазақстанның Халық банкі” АҚ СҚФ директоры:

-“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша қазіргі таңда жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асатын 24 жобаны қаржыландырудамыз. Бүгінгі күні оның 9-ы іске қосылды. Ал өндіріс бағдарламасы бойынша қазір жалпы сомасы 400 миллион теңгеге жуықтайтын тағы 5 жобаны қарастырудамыз. Жуық арада шешімдері шығады.

 

Жиын барысында сөз алған қала әкімі екінші деңгейлі банктердің әрқайсысы балалар алаңқайлары мен хоккей қораптарын салса деген ұсыныс айтты. Оны құп алған қаржыгерлер, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өз ойларын да ортаға салды. Бұл ретте олар банкке кепілге қойылған өндіріс нысандарының көбі тоқырап тұрғандығына тоқталып, оны іске қосатын адам табылса, жобаны қаржыландыруға әзір екендіктерін атап көрсетті. Бұл да шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін берері сөзсіз.

 

Самат Есмағи