Энергетика

Алдағы жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов 2-ші жылу электр орталығындағы қондырғылардың бүгінгі күйінен хабардар болды. Өткен жылы мұнда 4-ші турбоагрегат іске қосылыпты. Бұл жаңа турбина станцияның жұмысын жақсартып және үнемдеп, қуаттылықты 50 Мвт-қа дейін арттыруға көмектеседі. Кәсіпорын қондырғыны жөндеуге 6,1 млр теңге жұмсаған.

 

Виктор Бармин, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ 2-ЖЭО директоры:

– Бүгінгі күні бізде екі қазандық және 1 турбина жөнделді. Қазіргі уақытта 1-ші машина қалыпқа келтірілуде. Жөндеу жұмыстарын 1-ші шілдеге дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. 3-ші машина да қазіргі күні күрделі жөндеуден өтуде. Алдағы қысқы маусымға әзірлік толығымен жүріп жатыр.

 

2-шы жылу-электр орталығындағы қондырғыларды жаңғыртудың нәтижесінде қазандықтардың бүгінгі жағдайы 70,28 пайызға жақсарған. 2008 жылмен салыстырғанда тозу көрсеткіші 10 пайызға азайған. Жылу-электр орталығының жұмысымен танысқан облыс әкімі мұндағы шаруалардың жоспарлы түрде жүріп жатқандығын айтты.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

Мұнда инвестициялық бағдарлама ауқымды және жақсы жүріп жатыр. Жылу және энергия үнемдеу тұрақты. Қала мен облыс жылумен қамтамасыз етілуде. Алдағы уақытта проблема болмайды. Инвесторлар осындай ауқымды жұмысты тиянақты атқарып отыр. Ал, қысқа дайындық жоспарлы түрде жүруде.

 

Бану Ахметова