Білім

ҰБТ-да солтүстікқазақстандық түлектер орташа 77,84 балл жинады

 

Биылғы жылы ҰБТ-ді өңірде 2411 түлек тапсырды. 11 жылғы білімді таразылайтын сын түлектерге оңайға соқпады. Орташа ұпай 77,84 пайызды құрады.

 

Валентина Черных, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Өткен жылғы сынақтың нәтижесінде орташа ұпай 77,4 пайызды құраған болатын. Биылғы жылғы көрсеткіш әлдеқайда жақсы. Алтын белгі мен ерекше аттестатқа ие болатындардың қатары да өткен жылғыға қарағанда артып отыр.

 

Сынақтан өтушілер үшін тәртіп қатаң болды. 126 оқушы ең төмен ұпай жинады. Яғни, тиісті 50 баллды ала алмаған. Ал, 32 оқушы алтын белгісін ақтады. 31-і енді үздік аттестатқа ие болмақ. Сынақтың қорытындысы бойынша жоғарғы нәтижені Петропавлдағы қазақ-түрік лицейі көрсеткен. Орташа ұпай -101,42-ты құрайды. Спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат керіснше төмен балл жинаған. Ал аудандар арасында Уәлиханов, Тимирязев  жақсы нәтижеге қол жеткізсе, керісінше Жұмабаев, Жамбыл аудандарындағы нәтиже көңіл көншітпейді.

 

Күлпаш Қалғожина, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

-Үш жыл бойы біздің балалар бір деңгейдегі білімдерін дәлелдеп отыр. Бұл көрсеткіштер қазір ешқандай жоспарда жоқ. Бірақ та мұғалімдердің алдында, білім басқармасы, білім бөлімдерінің алдында міндетті түрде балалардың білімінің сапасын көтеру керек.

Сынақ барысында түлектерден 300-ден астам шпаргалка, 200-ден аса ұялы телефон алынған. Тиым салынған заттарды пайдаланып үлгергендері аудиториядан қуылған. Ондайлардың саны биыл 1-еу. Уәлиханов ауданының оқушысы ұялы телефонмен сұрақтарды шешіп жатқан жерінен ұсталған.

 

Ерлан Әбілдинов, Білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы:

– Сынақ тапсырып жатқандар қатаң бақылауда болды. Оларға тиым салынған заттарды пайдаланбау үшін. Дегенмен биылғы жылы бірінші рет бір Тимирязев ауданының оқушысынан радиоқабылдағыш табылды. Ол мұны пайдаланып үлгермегендіктен, аудиториядан қуылған жоқ.

 

118 оқушы апелляциялық комиссияға өтініш білдірген. Техникалық және мазмұндағы қателіктерге байланысты. Тек екеуінің ғана өтініші қанағаттандырылған.

Республиканың өзге өңірлерінде әлі ҰБТ жүріп жатыр. Әзірге ел бойынша орташа ұпай 70-ті құрап отыр.

 

Бану Ахметова