Билік

Петропавл әуежайы жаңғыртылады

 

Кезінде дүркіреп тұрған Петропавл халықаралық әуежайының тоқырау жылдарында шаруасы шатқаяқтап, содан жекеміншіктің қолына өткен болатын. Алайда онда да көсегесі көгерген жоқ. Жабылып қалуға шақ қалды. Себебі көрсететін қызмет түрлері талаптарға сай емес-тін. Бүгінде мемлекет меншігіне қайта өтіп, тамырына қан жүгірді. Қазіргі таңда бұл жерден аптасына 5 рет Астанаға, үш рет Алматыға ұшақ қатынайды. Рейс санын арттыру үшін аталмыш мекемеде қыруар жұмыс атқару міндеті тұр. Оны өңір басшысының өзі салмақтады, әуежайдың жай-күйімен танысу барысында.

Әуежай ғимаратының өзі де күрделі жөндеуді талап етеді. Қыста нысан іші жылытылмайды. Күту залы, демалыс орны мен асхана жұмыс істемейді.

Ғимарат маңайын да абаттандыру қажет. Бүгінгі кескін-келбеті көңіл көншітпейді. Осыған назар аударған облыс әкімі әуежай басшылығына ескіні бұзбай, тек оны заман талабына сай қайта қалпына келтіру қажеттігін атап көрсетті.

Әуежайдың халықаралық деген атауы бар. Алайда бүгінде нысанның аты затына сай емес. Осыны тілге тиек еткен облыс әкімі жауапты тұлғаларға әуежайды күрделі жөндеуден өткізу үшін қанша қаражат кететіндігін есептеп, жобалық-сметалық құжат әзірлеуді міндеттеді.

 

Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар тасымалы және автөкөлік жолдары басқармасының жетекшісі:

-Қазір облыстық әкімдік, көлік және коммуникация министрлігі және азаматтық авиациямен бірлесіп жұмыс атқарып жатыр әуежайды жөндеуден өткізу тұрғысында. Биылға республикалық бюджеттен бөлінген қаражат 250 миллион теңге. Оған бірінші кезекте жобалық-сметалық құжаттар мен техникалық-экономикалық негіздеме әзірлейтін боламыз. Ақша артылып жатса, жөндеу жұмыстарына кірісеміз деп ойлаймын.

 

Петропавл халықаралық әуежайы 1974 жылы салынған. 1992 жылдан бері күрделі жөндеу көрмепті.

 

Виктор Шевелев, “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ президенті:

-Ұшу жолдарын бірінші кезекте жөндеу керек. Қажетті құжаттар толығымен әзірленісімен, оны республикалық “Қазаэропроект” кәсіпорнына жолдаймыз. Олардың шешімдері дайын болысымен жөндеуге кірісеміз.

 

Шаруалары қанша шатқаяқтаса да жұмысын тоқтатпаған кәсіпорында бүгінде 96 адам еңбек етеді екен. Жалақы төңірегінде ескі қожайындарынан жинақталған қарызы бүгінде 25 миллион теңгеге жуық. Облыс әкімі берешек мәселесін де биылдан қалдырмай шешу керектігін міндеттеді жауапты тұлғаларға.

 

Самат Есмағи