Билік

Өткен сенбіде облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен өңіріміздің 4 ауданында болды

 

Сергеевка қаласындағы емхананың алғашқы тасы 2012 жылдың тамыз айында қаланыпты. Бүгінде күніне 250 адамды қабылдай алатын негізгі ғимарат тұрғызылды. Құрылысшыларға тек ішкі әрлеу мен инженерлік желілерді тарту жұмысы қалған. Жыл соңына дейін емдеу мекемесін қолданысқа тапсыру үшін 1 млрд. 388 млн. теңге жұмсалмақ.

Кейін облыс әкімі Шал ақын ауданы орталығындағы “Сергеевка сүт өнімдері” кәсіпорынында болды. Шикізатты агроқұрылымдар мен ауылдықтар тапсырады екен. Бүгінде тәулігіне 20 тонна сүт өңделеді. Толық қуат 50 тоннаға дейін.

Ауданда өсімдік шаруашылығын дамытуға да үлкен мән беріледі. Қазір мұнда 5 мың тонна астық сақтауға қауқарлы элеватордың құрылысы жүріп жатыр. Маңызды нысан алдағы орақ науқанының жаңа өнімін қабылдауға әзір болады деп сендірді құрылысшылар өңір жетекшісін.

Шалақындық диқандар күзде мол астық бастыруға мүделі. Ерік Сұлтановпен әңгіме барысында ауыл еңбеккерлері егіс науқанын тәмамдауға таяп қалғандарын айтады. Игіліктерінде 260 мың Га егінжай бар. Бұл жолы мал шаруашылығы әлеуетін арттыру қамында мал азығы мен майлы дақылдарды сіңіру алқаптары 2 есеге ұлғайтылыпты.

Аймақ басшысы Виктор Окуневтің шаруа қожалығына да аялдады. Қарамағындағы 127 бас жергілікті ірі қараның өнімділігін арттыру үшін 3 бас асыл тұқымды аталығын сатып алған. Мал азығына деп 2 қойма салу жоспарланыпты.

Тимирязев ауданында облыс әкімі дән егілген танап басын тырмалау жұмыстарымен танысты. Жалпы аудан бойынша 268 мың га егінжайдың 200 мыңы ырыс дәні бидайдың үлесіне берілген.

Ал “Тан” ШҚ парға қалтырылған жерлер өңделіп жатыр. Осы жерде агроқұрылым жетекшілеріне Ерік Сұлтанов ауылдықтардың әлеуметтік жағдайын да естен шығармау керектігін тілге тиек етті.

Әңгіме барысында мал шаруашылығын қолға алудың маңыздылығы да айтылды. Ауданда “Атамекен Агро Тимирязево” серіктестігі асыл тұқымды репродуктор құрған. Мал кешенінде 433 шетелдік жоғары өнімді ангустар бағып күтіледі. Тең жартысы қолдан ұрықтандырылады. Өзге зеңгі баба төлдері жайылымда оттап жүр.

Ал Жамбыл ауданында диқандардың ісіне бірқатар мәселе қолбайлау болыпты. Жанар-жағармай уақытында жеткізілмеген. Шаруалар бүгінге дейін әлі дизель отынының тиісті көлемін толықтай ала алмай әлек. Облыс әкімі бұл келеңсіздіктің шешімін жіті бақылауына алатындығын жеткізді. Ауылдықтарды күре жолдардың жағдайы да алаңдатады.

Өңір жетекшісі сөзден іске көшті. “Преснов-Благовещенка-Қайранкөл” бағытындағы тас жолдағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын көрді. Оны жаңарту жұмыстары өткен айда басталыпты. Жолды қалпына келтіруге ел қазынасынан 266 млн теңге құйылған.

Ал мынау Жамбыл мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесі. Аумағы 27 мың га құрайды. Тоғайлардың сақтығын қамту үшін арнайы техника жеткілікті дейді табиғат сақшылары.

Облыс әкімі ет өңдеу кәсіпорынын да байқап шықты. “Сычев” ШҚ 1,5 тонна жартылай фабрикаттар мен шұжық өнімдерін шығарады. Өңір жетекшісі жұмысшылардың жағдайын сұрастырды.

 

Виктор Сычев, “Сычев” ШҚ басшысы:

-Еңбекақы төмен, бірақ көтереміз.

 

Кейін өңір жетекшісі Мамлют ауданына ат басын бұрды. Онда алдымен күрделі жөндеуді талап еткен облыстық маңыздағы жолдың жағдайын көрді. Становое, Новомихайловка мен Раздольное ауылдарын байланыстырушы жолдың 2 шақырымы әбден тозған.

Ал аудан орталығында облыстың бірінші жетекшісі бой түзеп жатқан мектептің құрылысымен танысты. Оқу мекемесі 300 орынға шақталған. Құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталыпты. Алайда бар жұмыс іргетасының қалануынан әрі аспай тұр.

 

-Жұмыс уақытша тоқтатылды, өйткені іргетастан кемшіліктер табылып, жоба қайта жасауға жіберуге тура келді. Мамырдан қарашаға дейін осы жұмыстар жүргізілді.

Сәуір айында бас мердігер енді бір мәселеге ұрынған. Көктемде құрылыс аумағын су басып кетіпті. Тиісті қаржының уақытында төленбеуі де шаруаны тежеп тұрған көрінеді. Осының кесірінен қажетті тас қалаушылардың тек үштен бірін ғана жалдау мүмкін болып отыр. Облыс әкімі аудан жетекшісіне мектептің көтерілуін қатаң бақылауына алуын міндеттеді. Әйтпегенде бас мердігер бұл қарқынмен мерзіміне ілеспейтін түрі бар.

Бұдан соң Ерік Сұлтанов қазақ мектеп-интернатына бас сұқты. Білім ордасы 400 балаға арналып салынған. 200 жатын орны бар. Бүгінде тек 182 шәкірт игілігін көруде.

Сондай-ақ оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру ісімен танысты. “Искра” сауықтыру лагерінде 1 мезгілде 150 жеткіншек демала алады. Мұнда жаз уақытында 6 маусым бойы қонақ қабылданады. Маусымның 10 күні алғашқы келушілерін қарсы алуға лагерь сақадай сай. Мамлют ұн үгу комбинаты да өңір жетекшісінің назарынан тыс қалмады. Астық қабылдау қоймаларының сыйымдылығы 145 мың тонна. Ұн экспортқа шығарылады. Шикізаттты бірінші кезекте жергілікті диқандар тапсырады. Тұрғындар сүт қабылдау пунктінің ашылғанын қалайды. Өңір жетекшісі өтініштерін құп көрді. Сапарын қорытындылаған Ерік Сұлтанов көктемгі дала жұмыстарына оң бағасын берді. Астық өңірде 4 млн. 340 мың га аумаққа орналастырылған.

 

Жеңіс Ермұқанов