Билік

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ардагерлер активімен кездесті

 

Өңірімізде бүгінгі таңда ардагерлердің 738 бастауыш ұйымы бар. Оларға мүшелік ететін аға буын өкілдерінің жалпы саны 94 мыңның үстінде. Облыстық ардагерлер кеңесінің өңір жетекшісімен өткізген активі барысында аға буын өкілдеріне көрсетілетін қамқорлық туралы сөз болды.

 

Ескендір Елеусізов,облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте халықтың әлжуаз топтарына қолдау көрсету керек деп атап көрсеткен болатын. Оған бірінші кезекте аға буын өкілдері жатқызылады. Өңірімізде бұл жұмыс оң жолға қойылған. Қарияларға қай жағынан болмасын көмек бар. Таяуда өткізілген сенбіліктен түскен қаражат 150 миллион теңге. Оған 79 мың ардагерге материалдық көмек көрсетілді.

 

Қарты бар елдің қазынасы бар дейді дана халық. Осыны атап көрсеткен өңір басшысы аға буын өкілдерінің еліміздің дамуына қосқан сүбелі үлестері үшін өз ризашылығын білдірді.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

-Облысымыздың бүгінгі ахуалымен танысу тұрғысында барлық аудандар мен өңіріміздегі өндіріс нысандарын аралап шықтым. Сіздермен кездесудегі мақсатым – ұсыныстар мен талап-тілектеріңізден құлағдар болу. Ісімізді одан әрі дамытуда сіздердің ақыл-кеңестеріңіз артық етпейді. Көргендеріңіз бен оқып-түйгендеріңіз мол.

Бүгінде облыс орталығындағы ардагерлердің жалпы саны -38 700. Олардың 185-і мүгедек, 7047-сі тыл еңбеккерлері. Барлығы пәтермен қамтамасыз етілген. Тек соңғы бес жылда аға буын өкілдерінің 68-і қоныс тойын тойлады деп көрсетті алқа отырысында сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь. Ардагерлермен әңгіме барысында өңір басшысы аға буын өкілдері алдағы уақытта да назарсыз қалмайтындығын тілге тиек етті. Десек те көнекөздерді алаңдатқан мәселелер де жоқ емес. Алуан түрлі тақылеттес проблемалар алқа отырысында көрініс тауып, олардың барлығына тұшымды жауаптар қайтарылды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі аға буын өкілдері көтерген ұсыныстар мен талап-тілектердің ешқайсысы аяқсыз қалмайтындығын атап көрсетті. Алқа отырысында сөз болған мәселелердің дені өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты.

 

Самат Есмағи