Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер тексерістен көз ашпауда

 

 

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мемлекеттік органдармен өзара әріптесік жөніндегі меморандум жасасуы алғаш емес. Бұған дейін облыстық әкімдік, қаржы полициясы және прокурорлармен осындай келісімдерге қол жеткізілді. Енді шағын және орта бизнес нысандарының өзекті проблемаларын шешуге құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарманың мамандары да атсалысатын болады. Өйткені іскер жандарды тексеру қажеттігін дәл осы ведомство өкілдері анықтайды.

 

Айдар Мұқанов, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің СҚО бойынша басқармасының бөлім маманы:

– Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Яғни, мемлекеттік органдар тарапынан оларға әкімшілік қысымдарды азайту керек. Дәл осы бағыттағы мәселелерді біз қараудамыз.

 

Сатистикалық мәліметтер соңғы кездері кәсіпкерлерді тексеру шараларының жиіліп кеткендігін көрсетіп отыр. 1 жарым жылдың ішінде басқарма мамандары 237 жоспарлы және жоспарсыз тексерістің алдын алған. Нәтижесінде бақылау-қадағалау органдарының 29 жауапты тұлғасы тәртіптік, тағы 4-еуі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Ендігі кезекте, екі жақ бірлесіп жұмыс жасауға дайын. Жуық арада мұнда іскер жандардың кеңес алуына мүмкіндік беретін қоғамдық қабылдау ұйымдастырылады. Бұл шаралар кәсіпкерлер тарапынан олардың құқықтарын қорғаушы құрылымдарға деген сенімді арттыруға жағдай жасауда. Бүгінге дейін облыстық кәсіпкерлер палатасына 600 өтініш түскен екен. Олардың біразы құқық қорғау органдарымен бірлесіп шешілуде.

 

Бану Ахметова