Бизнес және экономика

Петропавлда жас кәсіпкерлер мектебі жұмысын бастады

 

Дәріс тыңдап, болашақта өзінің жеке ісін ашуға ниетті жастардың бірі – Руслан Тоқашев. Ол қазіргі таңда Өскемен қаласындағы университеттердің бірінде қаржы мамандығы бойынша білім алуда. 3 курс студенті “Даму” қорының көмегімен облыс орталығында жабық мұз айдыны кешенін іске қосуды алға қойыпты. Ол 2 апталық дәрісте білікті мамандар көмегімен бизнес-жобасын әзірлейтіндігін жеткізді.

 

Руслан Тоқашев, жас кәсіпкер:

-Мен жабық мұз айдыны кешенін тұрғызып, өз кәсібімді дөңгелеткім келеді. Мұндай жоба елімізде санаулы. Бұл бастаманы жүзеге асыруды ағам ұсынды. Өзім жобамның қаржы институты тарапынан қолдауға ие болатынына сеніммен қараймын.

 

48 сағаттық семинар-тренингке 18 – 29 жас аралығындағы жеке кәсібін ашқысы келетін 30 жас қатысып отыр. Оларға 2 апта бойы “Даму” қорының тәжірибелі экономист, қаржыгер мамандары дәріс беріп, соңында сертификат табыстамақ.

 

Гүлмира Жақыпова, СҚО бойынша “Даму” қоры АҚ бас менеджері:

-Бұл дәрістердің басты мақсаты – бизнеске енгісі келетін өңір жастарын тартып, оларға қаржылай қолдау беру. Осы арқылы жастардың арасында кәсіппен айналысатын тұрғындардың санын арттырып, жұмыссыздық мәселесін шешу.

 

2 апталық семинар-тренингтің аяғында арнайы комиссия шешімімен үздік 6 бизнес-жоба таңдалып, олар тамыз айының 25-де өткізілетін “Тың бастамалар” жобасына ұсынылмақ. Қаржы институттары жобаларды талдап, өміршеңдерін қаржыландыратын болады.

 

Бақыт Сәдуакасов