Билік

Облысқа жұмыс сапарымен арнайы ведомствоаралық комиссия келді

Бүгінде индустрияландыру картасына облысымыздан 31 жоба енгізілген. Инновациялық бастамалардың тамырына қан жүгіртуге 38,2 млрд. теңгенің инвестициясы құйылды. Нәтижесінде 3,5 мың жұмыс орны құрылды. 1800 жуығы өміршең ойларды жүзеге асырудағы құрылыстарға тартылыпты.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

– 31 жобаның 28-і іске асырылды. Ол үшін 26,6 млрд. теңге жұмсалды. Өткен жылы өндіріске шыққандары 20 млрд. теңгенің тауарын өндірді. Бұл өлке өндірісі көлемінің 13 пайызын құрайды. Биыл қуатын арттырған аталмыш жобалардың облыстағы жалпы үлесі 14,6 пайызға жетті. Ал өндіріс салаларының ішінен 20,6 пайызын құрайды.

 

Бұнымен өңірлік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы 5 жылдығына кірістірілетін тың бастамалар тоқталмайды.

 

Ерлан Әукенов, СҚО әкімінің орынбасары:

-Тағы 10 млрд. теңге болатын үш жобаны қатарға қосамыз. Әзірге екеуі қолдау тапты. Нәтижесінде индустриаландыру қартасындағы жобаларымыз кемінде 33-ке жетеді. Сонымен қатар тағы үш бастама өңірлік үйлестіру кеңесінде қорғалды. Нәтижесінде алғашқы 5 жылдықта инвестиция көлемі 2 есеге артты. Инновациялық белсенділік 4 есеге өскендігі байқалады. Шетелден қаржы тарту жағы да жақсы жолға қойылды.

 

Мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып қалған кәсіпорындардың тынысымен танысуға облысымызға арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы келді.

 

Сапархан Омаров, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Біздің комиссия түрлі министрлік өкілдерінен құралды. Мақсат индустрияландыру картасына енген өңір кәсіпорындарының жұмысымен танысу. Жемісі қандай екенін байқау. Мәселелер болса түртіп алып арнайы қарастыратын боламыз. Шаруашылықтарының іргесін кеңейтеміз десе ондай мүмкіндік бар. Жаңашылдықтардан құлағдар етеміз.

 

2 күндік сапар  барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров бастаған меймандар болашаққа сенім ұялататын өзге де жобалардың әлеуетін зерделейтін болады.

 

Жеңіс Ермұқанов