Өнеркәсіп

ЕЭО отандық кәсіпорындардың дамуына жаңа серпін береді

 

“Шаров” жеке кәсіпкерлігінің Қазақстанның азық-түлік тауарлары нарығында жүргеніне 15 жыл болған. Бүгінде кәсіпорын шұжықтың  100-ден астам түрін өндіреді. Өткен 2013 жылы аталған өндіріс ошағы 200 млн теңгенің өнімін елімізге саудалапты. Ағымдағы жылдың 5 айының өзінде 100 млн теңгенің тапсырысын орындаған. Кәсіпорындағылар жуырда құрылған үш елдің Еуразиялық экономикалық одағы бастамасын қолдап отыр. Өйткені жаңа көкжиектер ашады дейді.

 

Надежда Шеремей, “Шаров В.Н.” ЖК директорының орынбасары:

– Кәсіпкерлердің арасында бәсекелестік жоғары. Дегенмен де біз барынша алға жылжуға тырысамыз. Жуырда үш елдің  одағы құрылды. Сөйтіп, бұл бастама отандық өнімдерді Ресей мен Белорусь мемлекеттеріне экспорттауға жол ашты. Сондықтан да біз алдағы уақытта Түмен, Омбы облыстарына өнімдерімізді  саудалауды көздеп отырмыз.

 

Бұл өндіріс ошағында 40-тан астам адам еңбек етеді. Орташа жалақы 55-60 мың теңгені құрайды. Мұнда жұмыскерлердің жақсы еңбектенуіне барлық жағдай жасалыпты. 2002 жылдан бері  қондырғылар жаңартылуда. Сөйтіп, барлығы автоматтандырылыпты. Австрия мен Швейцарияның қондырғылары жұмыстарды жылдам істеуге мүмкіндік береді. Мәселен, мұндағылар бір тәуліктің өзінде 1,5 тонна шұжық өндіреді.

 

Татьяна Вотякова, “Шаров В.Н.” ЖК өндіріс басшысы:

– 2002 жылы «Кутюр» құрылғысын сатып алдық. Австрияның жабдығымен біз 2 жыл жұмыс істедік. Сапалы өнім ала бастадық. Қондырғыларды жаңартқалы бері жұмысымыз жеңілдеді.

 

Осыдан 2 жыл бұрын өндіріс ошағы жаңа технологиямен өндірілетін шикілей қақталған шұжық жасайтын линияны іске қосыпты. Және аталған өнім мына камерада арнайы температура режимінде 25 тәулік бойы кептіріледі.

 

Светлана Кирилкина, “Шаров В.Н.” ЖК технологы:

– Бұл тағамның өзге шұжықтан ерекшелігі ыстықпен өңделмейді. Тек ет қақталады. Нәтижесінде белгілі бір температура режимінде бұл тағамды 4 айға дейін сақтауға болады. Дәл осы шикілей қақталған шұжық -12 градус пен 75 пайыздық ылғалдылықта камерада кептіріледі.

 

Мұндағылар шикізатты солтүстік өңірдің кәсіпкерлерінен сатып алады екен. Мемлекет тарапынан да шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен қолдау бар.  Кәсіпорын өткен жылы  4 млн теңге субсидия алыпты.

 

Бану Ахметова