Көлік және жолдар

Жолдар жөнделіп жатыр

 

Қызылжар ауданының Бескөл ауылынан Аққайыңның Астраханка елді мекеніне дейінгі “Петропавл-Астана” бағытындағы республикалық автожолнда дәл қазір жұмыс қызған. Ауа райы да мұндағыларға демеу беріп тұрғандай. 30 шақырым болатын күре жолды жаңғырту жұмыстарына мұндағылар сәуір айының аяғында кіріскен. Бүгінге дейін шаруаның 3/1 тындырылған. Ал, дәл қазір қалған жерде құм төгіліп, жол тегістелуде. Бұдан соң асфальт қабаты төселеді.

Бұл учаскеде 4 жылдан бері бас мердігер “KAZPAKO” ЖШС жұмыс істеуде. Олар өздеріне жүктелген шаруаны 2015 жылы аяқтауды жоспарлаған. Автожол екі жолақты, ені 9 метр болмақ. Жалпы, жоба құны 7,7 млрд. теңгені құрайды. Оның 4 млрд. теңгесі биылғы жұмыстарға бағытталған.

 

Бұл жұмыстарға 150-ден астам техника мен 331 адам жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша жолды қалпына келтіруде жаңа технологиялар қолданылуда.

 

Серік Рақымбаев, “Инжиниринг KZ” ЖШС жоба басқарушысы:

– Қиыршық тас пен бетон аралас технология 1-ші рет “Астана- Бурабай” бағытында қолданылды. Бұның ерекшелігі асфальтты бетонға целлюлоза және текше тәрізді қиыршық тас қосылады. Осындай технологиямен қалпына келтірілген жолдың сапасы өте жақсы болмақ.

 

Мына республикалық маңыздағы “Астана-Петропавл” және “Жезқазған-Петропавл” автожолындағы жол өтпесіндегі жұмыстар да аяқталуға жақын. Бұл екі деңгейлі көпірдің ұзындығы 4 шақырым, ал, биіктігі 7, ені 4 метр болады. Мұндағы бар шаруа шілдеде аяқталады деп жоспарлаған. Жалпы, 2011 жылдан облыстағы республикалық маңыздағы жол учаскелерінің 26 шақырымы қайта қалпына келтірілген. Биыл тағы 25 км күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланған.

Жалпы, биыл облысымыздағы республикалық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстауға 950 млн теңге бөлінген. Орташа жөндеуге 798,7 млн., қайта қалпына келтіруге 9,464 млрд. теңге бағытталған.

 

Бану Ахметова