Әр түрлі

Қалада жібек құрты мен сары маса көбейді

Жаз келісімен далаға шығып, серуендейтін тұрғындар көбейді. Орталықтағылар әсіресе, Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында жүріп таза ауамен тыныстағанды ұнатады. Әсия Қарабалина жылы күндері жиі далаға шығады. Зейнеткер бүгінде жібек құрттарының көбейіп кеткеніне алаңдаулы. Бұрындары мұндай жәндіктер болмайтын дейді ол.

 

Әсия Қарабалина:

-Бұрын жібек құрты дегенді естісек те, көрмейтінбіз. Қазір мына ағаштарда қаптап тұр. Жер болса кілем секілді. Ең бастысы көктен ауларымен салбырап түсіп жатады ғой. Тіпті бас көтере алмайсың. Бұрын осы жібек құрты, масаларға дезинфекция жасап жүруші еді қазір ондай жоқ. Кешке шығып дем алайын десең,  масалар дамыл бермейді. Енді бір жағынан ана жібек құрттарынан бұрын көрмеген соң қорқасың.

 

Жуырда ғана ағаштарға жапырақ бітіп, айнала жасыл желекке оралған-ды. Ал жібек құрттары пайда болғалы бері, жапырақтар шұрық- тесік болып, жүдеді. Жәндіктер тұрғындар үшін де ыңғайсыздық туғызатын болды.

 

 

– Жібек құрттары көбейіп кетті. Жауапты мекемелер бұл мәселені шешеді деп ойлаймыз. Күн жаңа жылынып келе жатыр. Сондықтан қыдыруға жиі шығамыз.Жібек құрттарын құртады деп ойлаймыз.

– Кешке далаға шыққанда көреміз. Ағаштардан түсіп жатады. Бізге өте ыңғайсыз.

 

Петропавлдықтар соңғы кезде сары масаның да көбейіп кеткенін аңғарған. Жәндіктерді улау шаралары облыс орталығында жүргізіле ме? Және оған қанша қаржы бөлінгендігін біз осыған жауапты ведомстволардан білмек болдық.

 

Ғали Әбдірешев, Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Маусым айынан бастап масаларды улау шаралары жүргізілуде. Оған 740 мың теңге қаржы бөлінді.

 

Уантай Махметов, «Фитосанитария» РММ СҚОФ директоры:

-Мамыр айының ортасынан бастап біз аудандарда дәрілеу шараларын жүргіздік. 167 мыңнан астам гектар жерде мұндай шаралар жүргізілді. 1-2 күнде аяқтаймыз. Ал қаланы дәрілеу біздің мекеменің міндетіне кірмейді.

 

Шынымен-ақ, маса мен жібек құртының азайғандығы көрінбейді. Керісінше құрттардың кесірінен ағаштар жапырақтарынан айырылып, бейшара халге түсуде.

 

Мағжан Ахмадина