Билік

Абаттандыру мәселелері өңір басшысының бақылауында

 

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қазақстан Конституциясы көшесінің қазіргі жай-күйімен танысты. Мәскеулік Арбатқа пара-пар орталықтың ажарын арттыруда қыруар істер атқарылуы керек. Көпқабатты тұрғын үйдің іргесін қаулай өскен шөптер оталып, орнына гүлдер отырғызылсын деп тапсырма берді шаһар басшысына.

Облыс әкімдігі жанындағы субұрқақ жұмыс істеп тұр. Алайда оны заман талабына сай етіп безендіру қажет. Ал «Қызылжар» қонақ үйінің алдындағы субұрқақта мүлдем тіршілік нышаны жоқ. Осыған назар аударған Ерік Сұлтанов қала әкімі Төлеген Зәкарияновқа шапшыманы маусымның соңына дейін іске қосуды міндеттеді.

Көшені аралау барысында өңір жетекшісі жарнамалық стендттердің жай-күйіне де назар аударды. Олардың да заман талабына сай еместігі көзге бірден шалынады. Орталықта орын тепкен архитектуралық нысандардың да бүгінгі келбеті көңіл қуантпайды.

Қазақстан Конституциясы көшесі әсіресе жаз мезгілінде қаламыздағы адам көп серуендейтін жерлердің бірі. Оның кескін-келбеті заман талабына сай болуы шарт. Соған сәйкес сызбалар да әзірленген.

Орталық көшені басынан аяқ жаяу жүріп өткен Ерік Сұлтанов шаһар басшысы Төлеген Зәкарияновқа бұл жерлердегі шешімін күткен мәселелерді уақыт оздырмай біржақты етуді міндеттеді.

Облыс орталығының шежіресі тамыры тереңге жайылған уақытпен есептесек 300 жылға жуықтайды. Ескіні құнттау керек. Себебі ол біздің тарихымыз.

 

Самат Есмағи