Спорт

“Алтын қыран” әскери-патриоттық акциясы

 

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай ұйымдастырылған шараға 4 команда қатысуда. Жарыс ашық деп жарияланысымен “Саланг”, “Алғыс” клубтары мен патриоттық-техникалық мектеп курсанттары өзара тартысты сайысты бастап кетті. Алғашында қатысушылар белтемірде күштерін сынаса, кейін волейболдан жарысқа түсті.

 

Владимир Пекарский, “Саланг” әскери-патриоттық клубының нұсқаушысы:

-Біздің клуб жасөспірімдер арасында патриоттық тәрбиені насихаттап, олардың бойына отанды сүю сезімін сіңіруді басты жолға қойған. Бүгінгі жарыста шәкірттерім спорттың барлық түрінен тартысқа түсуде. Сайысқа тыңғылықты әзірлікпен келдік.

 

“Күш атасын танымас” демекші, гір көтеруден Александр Кузнецов алдына жан салмады. Ол темірді 103 рет көтеріп, білектің күшін көрсетті.

 

Александр Кузнецов, жарысқа қатысушы:

-Әскери-патриоттық жарыстар біздің жастарымыз үшін аса қажет. Бұл еліне, жеріне деген құрмет пен сүйіспеншілікті одан сайын арттыра түспек.

 

Ересектермен тең дәрежеде “Патриот” радиоклубының мүшелері де қатысуда. Никита Семыкиннің аталған клубта жүргеніне 2 жылдан асыпты.

 

Никита Семыкин, “Патриот” радиоклубының мүшесі:

-Мен өз клубымның атынан акцияға келіп отырмын. Кішкентай болсам да үлкендермен жарысқа түсудемін. Клуб тәрбиеленушілері біздің бойымызға патриоттық тәрбиені сіңіруде.

 

Бұдан соң сайыскерлер 1 шақырымға жүгіру мен арқан тартудан бақтарын сынады. Жалпы ұйымдастырушылар бұл шараның өскелең ұрпақ пен жастар үшін берері мол – дейді.

 

Виталий Гутевич, Петропавл теміржол көлігі колледжінің оқытушысы:

-Мұндай жарыстар өсіп келе жатқан ұрпаққа аса қажет. Барлығы 4 команда келіп отыр. Оның ішінде “Саланг” және “Алғыс” клубтарының және әскери-техникалық мектептің 2 командасы бар. Сайыскерлер бұл акцияға қатыспас бұрын, біраз жаттықты.

 

Жарыс соңында жеңімпаз атанған патриоттарға медаль табыс етілді. Ал бірінші орын иелеріне кубок бұйырмақ.

 

Бақыт Сәдуақасов