Мәдениет

Петропавлда тұңғыш рет этнофэшн фестивалі өтті

Этнофэшн фестивалінің шымылдығы араб елінің дәстүрлі киім үлгілерімен ашылды. Бұл “Хикаят” сән үйі шеберлерінің туындылары. Сахнаға шыққан нәзік жандылар жарасымды көйлектерін көпшілік назарына ұсынып қана қоймай, сары құрлық қыздарының болмысын паш етуге тырысты.

 

Гүлнар Жансарина, модельер-стилист:

– Мен жыл бойы шығыс елдерінің салт-дәстүрлерін тануға тырыстым. Бүгінгі тұрмысын зерделедім. Діндері мен өмір сүру деңгейін, көйлектерінің түсіне дейін қалайша таңдалатынын анықтадым. Осының бәрін бүгінгі ұсынылған киім үлгілерінде көрсетуге тырыстық.

 

Ал “Томирис” сән театрының қыздары ұжымдық жұмыстарын ортаға салды. Топ мүшелерінің әрбірі талғамына сай өз ойларын бір стильге кірістірген. Матаны таңдаудан дайын киім тігуге дейін өз қолдарымен бірлесіп жасапты.

 

Анна Ходеева, “Томирис” сән театрының мүшесі:

-Біз актерлік шеберлігімізді әрдайым шыңдап тұрамыз. Өйткені әр коллекцияның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Қазақ қызының бейнесін келтіру қиынға соқты. Әр халық қыздарының мінезі әрқилы. Бимен де жеткізуге тырысамыз.

 

Жалпы байқауда ұлттық нақыштарда жасалған 7 коллекция жұртшылық назарына ұсынылды. Әрбірі сәнқой қыздардың көңілінен шыққаны анық. Өткенсіз бүгін жоқ. Басты мақсат – тарихи құндылықтарды бүгінгі заманға сәйкестендіріп, жастардың бойына сіңіру.

Мәдени шарада ұлттық аспаптардың үні де көпшіліктің бойын баурай білді.«Қамажайға» басқан өнерлі өрендер мың бұрала биледі.

 

Жеңіс Ермұқанов