Билік

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың Аққайың және Тайынша аудандарына жұмыс сапары

Алдымен өңір жетекшісі Аққайың ауданының Лесной ауылдық округіне ат басын тіреді. Мұнда “Ростан” сүт өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысты. 1998 жылдан ісі өркендеген серіктестік бүгінде тәулігіне 30 тонна сүт, 2 тонна май мен 1 тонна ірімшік шығаруға қауқарлы. Биыл өндіріс ошағының бұл тауар аталымдары «Алтын сапа» байқауының бас жүлдесін ұтып алыпты. Төл өнімдерінің 95 пайызы өңір нарығына шығарылады екен. Өзге аумақтардан да сұраныс бар. Облыс әкімімен әңгіме барысында директоры Владимир Ростовщиков мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы кәсібінің іргесін кеңейтуге мүдделі екендігін жеткізді.

Кейін Ерік Сұлтанов “Дайындық” ЖШС жаз маусымында ірі қараны бағып күтетін заманауи жайылымға аялдады. Мұнда қора-қопсы, сауын және төлдеу базалары мен бордақалау алаңдары қарастырылған. Негізінен жеке кәсіпкер Біржан Шаймаерденов 600 бас асыл тұқымды семинталдар мен қазақтың ақ бас сиырларын ұстайды. Жыл басынан 156-сы бұзаулаған. Игілігіндегі тағы 100 құнажын төлдейді деп күтілуде. Жайылымда зеңгі баба төлінің шөлін қандыратын суат та қарастырылған. Бұның бәрі жеке қаржының есебінен.

Осы жерде өңір жетекшісі маңайдағы селолық округ әкімдерімен жүздесіп, ауылдықтардың жағдайын сұрастырды.

Аққайың ауданы орталығында облыс әкімі жаңадан салынып жатқан емхана құрылысының басында болды. Бүгінде ғимараттың негізгі шаруасы тәмамдалған. Қалғаны ішкі әрлеу жұмыстары мен ауланы абаттандыру, кейін қондырғылар орнату керек.

Күніне 250 адамды қабылдауға қауқарлы емдеу мекемесі үстіміздегі жылдың желтоқсан айында халық игілігіне берілуі тиіс. Бас мердігер “Основание” ЖШС директоры Сергей Тимофеев Ерік Сұлтановқа маңызды нысанды мерзімінен 1 ай бұрын тапсыратынын жеткізді.

Смирнов елді мекеніндегі баспана құрылысы да өңір жетекшісінің назарынан тыс қалмады. Жыл соңына дейін 10 жер үйдің кілті кезектегі жетім-жесірлерге табысталмақ. Әрбірінің іргесін қалауға ” Жұмыспен қамту-2020″ бағдарламасы аясында 6 млн. 200 мың теңге жұмсалмақшы. Тағы 500 мыңнан инженерлік желілер тартуға бөлініпті.

“ИКЕА ТАС ГРУП” ЖШС элеватор-диірмен кешенін тұрғызуда. Өңір жетекшісі құрылыс барысымен танысты. Кәсіпорын іске қосылысымен қуаты 60 тонна астық қабылдап, 120 тонна ұн үгуге қауқарлы болмақ. Бүгінде 1,7 млрд теңгелік жобаның 50 пайызы еңсеріліпті.

Бұдан соң жер өңдеумен айналысатын “Санто-Мария” ЖШС алқаптарында Ерік Сұлтанов Аққайың ауданының диқандарымен кездесті. Жалпы ауданның агроқұрылымдары биылғы 218 мың га аумақтағы егістіктің 212 мыңына дәнді дақылдар тұқымын сіңіруде. Жоспар танап басындағы себу жұмыстарын маусымның 5-не дейін аяқтау.

Биыл ғана “Леонов” ШҚ-на АҚШ-тың сүтті бағыттағы 197 асыл тұқымды “голштино-фриз”тайыншалары жеткізілді. Бұл мақсатта мал шаруашылығының әлеуетін арттыру бағдарламасы аясында бастапқы жарна құнынсыз 146 млн. тенгенің жеңілдетілген несиесі рәсімделген. Болашақта сауын сиырлардың әрқайсысы жылына 7 мың литр сүт береді деп болжануда.

Кейін облыс әкімі ат басын Тайынша ауданына бұрды. Онда да көктемгі дала жұмыстары еңсерілуге жақын.  Жоспарланған 599 га егістіктің 475 мыңы ырыс дәнінің үлесінде. Бүгінде межеленгеннің 97 пайыздан астамы орындалды. Өзгесі ауа райы қолбайлау болмаса, бірер күнде бітеді.

Жуық арада облыста баламасы жоқ ет өңдеу кешені қолданысқа берілмек. “Артари” ЖШС жылына 15 мың тонна ет пен 9 тонна шұжық өнімдерін шығаруды көздеп отыр. Төрт түліктің кез-келгенін союдан бастап, дайын өнімге дейінгі бар үрдіс заманауи кешенде жасалмақ. Ол үшін озық үлгідегі қондырғылар орнатылып қойылған.

Облыстық маңыздағы Лавровка-Чкалова бағытындағы тас жолды жөндеу жұмыстары да өңір жетекшісінің назарынан тыс қалған жоқ. 170 шақырымдағы қатынауды толықтай жақсарту үшін 6 млрд теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіпті.

“Көкшетау Техстрой” ЖШС полиэтилен құбырларының 15 түрін шығарады. Биылдан толық қуатқа көшкен зауыт тәулігіне 10 тонна дайын өнім береді. Инженерлік жабдыққа деген сұраныс артқан соң биыл үшінші желі іске қосылмақ.

Қарызға батып, шығынға ұшыраған ірі жоба “Биохим” компаниясының жұмысына жыл соңына дейін қан жүгіруі мүмкін. “ҚазМұнайГаз” АҚ кешеннің бастапқы мақсаты – биоэтонол әзірлеу ісін жандандырмақшы. Облыс әкімі тың бастамаға ниеттілердің өкілдерімен жүздесіп, техникалық аудит жүргізуді тежеп тұрған бірқатар мәселенің басын қайырды.

“Астық СТЕМ” ЖШС Ерік Сұлтановқа көкөніс алқаптарын қолдан суару жұмыстары көрсетілді.

Жерді өңдеуден бастап өнім жинауға дейінгі бар үрдіс механикаландырылған. Осының арқасында былтыр гектар басынан орта есеппен 47 тонна картоп алыныпты.

Аймақ басшысы “Вишневское” серіктестігінің танап басында болды. 42 мың га аумаққа бидай мен майлы дақылдар теңдей бөлініп егілуде.

Сапарының соңында өңір жетекшісі үш бірдей ауылдың еңбекке жарамды 700-ден астам тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырған “Тайынша Астық” ЖШС аялдады. Агроқұрылым негізінен мал шаруашылығының әлеуетін арттыруға ден қойған.

Бірнеше заманауи қора-қопсы, 2 сауын залы бар. 2 жылға жетерлік жем-шөп базасы қамдалған. Тәулігіне сиырлар 22 мың тоннадай сүт береді. Болашақта мал фермасының жанынан сүт өңдеу зауытын тұрғызу көзделген.

 

Жеңіс Ермұқанов