Билік

Ерік Сұлтанов Петропавл кәсіпорындарын аралады

Облыс орталығындағы “Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылымдар зауыты” ЖШС-і өткен жылы 450 млн теңгенің өнімін саудалаған. Ағымдағы жылдың 5 айында 200 млн теңгенің тапсырысын орындапты. Серіктестік 21 жылға жуық құрылыс материалдарын жасаумен айналысады. Өнімдері тек біздің облыста ғана емес, Павлодар, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола өңірлерінде үлкен сұранысқа ие. Бұл жерде барлығы 130 адам еңбек етеді. Мұндағылар “Қол жетімді баспана-2020” бағдарламасы аясында пәтер салуға әзір екендіктерін айтты. Құрылысқа қажетті материалдар да арзанырақ болмақ.

 

Александр Тукачев,”Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылымдар зауыты” ЖШС бас инженері:

– Термоқұрылымды панельдер жобасын қолға алмақпыз. Металды бетон құямыз. Оның қаңқасы темірден құрылады. Бүгінде Ресейде мұндай 2 зауыт қана бар. Бұл американдық жоба негізі 30 жыл бұрын пайда болған. Дегенмен, оны қазір ғана жүзеге асыру мүмкін болып отыр. 1 панельдің салмағы 20-30 келіні құрайды. Дегенмен ол жылуды жақсы ұстайды. Және тез жиналады.

 

Аталған зауыттың үй тұрғызу жоспарын облыс әкімі Ерік Сұлтанов қолдады.

Бұдан соң, облыс әкімі “Единство” ЖШС барды. Бұл кәсіпорын темір-бетон бұйымдарын шығарады. Мұнда 71 адам еңбектенеді. Алдағы уақытта серіктестік базасында үй құрылысы комбинаты жасақталады деп жоспарлануда.

Ал Петропавлдағы құбыр зауытының өндіріс нарығында жүргеніне 6 жыл болған. Өнімдерін тек еліміздегі қалаларға ғана емес, Ресейге де экспорттайды. Өткен жылы 3,9 млрд теңгенің тапсырысын орындаған. Оның ішінде 186 млн теңгенің өнімі Омбы, Түмен, Новосібір қалаларына шығарылған. Жергілікті жерде дайындалатын газ және болат құбырларының сапасы өте жақсы дейді серіктестік басшысы Марат Абюров.

Облыс әкімі Петропавлдағы ауыр машина жасау зауытына да соқты. Өндіріс ошағы үстіміздегі жылдың мамырына дейін 2,3 млрд теңгенің өнімін жасауға тапсырыс алыпты.

Сондай-ақ, Ерік Сұлтанов керамикалық кірпіш шығаратын “Алаугаз СК” ЖШС-не соқты. Бұл зауыт өткен жылы ғана салынған болатын. алдағы уақытта өндіріс ошағы жылына 4 млн дана керамикалық кірпіш дайындамақ.

 

Бану Ахметова