Қоғам

Автосервис қызметкерлері шеберліктерін шыңдауда

 

Берлиннен келген автосервис менеджменті бойынша аға сарапшы Рольф Цапка Петропавлға алғаш рет келіп отыр. Ондағы мақсаты – техникалық қызметтегі тәжірибесімен бөлісу. Бүгін аға сарапшы автокөліктерді сапалы дәнекерлеу жайында “BOSCH Service” жеке кәсіпкерлігінің көлік жөндеумен айналысатын жұмысшыларына айтуда. Негізі Рольф Цапканың бұл саладағы еңбек өтілі 50 жыл екен. Сондықтан да ол өз әріптестерімен осы уақыт бойы жинаған шеберлігімен бөлісуде.

 

Рольф Цапка, SES автосервис менеджмент бойынша аға сарапшы, Германия:

– Тәжірибеммен бөліскен соң, осы орталықтың жұмысы одан әрі сапаланып, дами түссе деймін. Бұл қалада Германиядан жеткізілген автокөліктер көп екен. «Ауди» және «Фольксваген». Мен көбінесе дәл осы маркалы темір тұлпарлармен жұмыс істедім. Осы жерде сонымен қатар шеберхананы кішкене өзгертсем деген ойдамын. Нәтижесінде ол клиенттерге де, жұмысшыларға да ыңғайлы болады.

 

Берлиндегі SES яғни, аға сарапшылар қызметінің өкілі Рольф Цапканы “Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ облыстық филиалының өкілдері арнайы шақыртыпты, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында. Мемлекет тарапынан осындай көмектің барына кәсіпкерлер дән риза.

 

Альфия Халиуллина, “BOSCH Service” ЖК әкімгері:

– Біздің техникалық қызмет көрсету орталығы “BOSCH Service” деген атаумен 2 жылдан бері қызмет етеді. Мұнда 20 жұмысшы бар. Біз техникалық қызметтің бірнеше түрін ұсынамыз. Атап айтсақ, компьютерлік диагностика, көлікті еш қиындығына қарамай жөндеу және тағы басқалары.

 

Шетелдік аға сарапшы бұл техникалық қызмет көрсету орталығында 1 апта аялдауды жоспарлаған. Тәжірибесімен бөліскен соң ол осы жердің жұмысшыларына курстан өтті деген арнайы сертификат тапсырады.

 

Бану Ахметова