Білім

ҰБТ-ның алғашқы күні бойынша апелляциялық комиссияға 82 түлек өтініш берді

 

Кеше тест тапсырып, оның қорытындысымен келіспеген түлектер бүгін апелляциялық комиссияға келген. Ұзын-сонар кезек күтіп тұрғандар тым болмаса 1 баллды қосып алуды көздейді. Нәзира Әбішева биология пәні бойынша бірден 3 сұрақты апелляцияға беріпті.

Нәзира Әбішева,№20 орта мектептің түлегі:

-Мен 5-ші пәнім биологиядан 17 балл алдым. 8 сұрақ мен үшін қате болған. Соның 3-уін апелляцияға бердім. Бірақ өзімнен кеткен техникалық қателік болып шықты.

 

Апелляциялық комиссия мүшелері кемшіліктердің кездесіп жататынын мойындайды. Кей кездері сұрақтың екі дұрыс жауабы көрсетілсе, енді біреуінде ол мүлдем болмай шығуы мүмкін. Ал түлектер тарапынан кеткен техникалық қателіктерге мұндағылар еш көмектесе алмаймыз дейді.

 

Нұрболат Тілеухан, апелляциялық комиссияның төрағасы:

– Қате қайдан кетеді. Бала асығып отырып дұрыс жауап емес, қатесін белгілеп қоюы мүмкін. Сондықтан қате кетеді. Біз ол жерде ештеңе істей алмаймыз. Дұрыс жауаптар белгіленіп, ол есептелмей қалса ғана, біз онда құжаттарды Астанаға жібереміз. Мемлекеттік аттестациялық комиссияға.

Жалпы ҰБТ алғашқы күнінің қорытындысы бойынша жергілікті түлектер көрсеткен нәтиже жаман емес. Орташа балл – 79 болса, ең жоғарғысы 117  ұпайды «Бест» гимназиясының оқушысы Арман Загрутдинов иеленген. Бірінші күннің қортындысы бойынша алтын белгіге үміткер 16 баланың 5-уі өз білімдерін дәлелдесе, ерекше үлгідегі аттестатты алуы тиіс 19 оқушының 1-уі ғана талапқа сай болып шыққан.

 

Мағжан Ахмадина