Денсаулық сақтау

Облыста дәрігерлер жетіспейді

Ана болу – бақыт. Бірақ ол үлкен жауапкершілікті талап ететінін ұмытпаған жөн. Сондықтан ана болуды алдын ала жоспарлау қажет. Және өз денсаулығын тексертіп алған дұрыс дейді дәрігерлер. 2008 жылы өңірімізде айы-күні жетпей туған сәбилердің тек 1 пайызы ғана аман қалса, бүгінде бұл көрсеткішті дәрігерлер 30 пайызға жеткізген. Ақхалаттылардың айтуынша салмағы 500 гр, ал бойы 25 см-ден кем емес балғындарды аман алып қалуға болады екен.

 

Наталья Семенова, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары:

– Бүгінде мерзімінен бұрын туылатын сәбилердің жағдайы өзекті болып отыр. Өкіншіке қарай соңғы жылдары бұндайлардың саны өсуде. Мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилерді аман алып қалу оңай емес. 2012 жылы айы-күні жетпей 375 сәби туды. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 10 пайызға өсті. Оның 12-сі өмірге тірі келсе, 7-еуін ғана аман алып қалдық. Бұған көп жағдайда аналардың өз денсаулығына немқұрайлық танытуы себеп болып отыр.

 

Өңірімізде туу көрсеткіші өткен 2013 жылы 1000 адамға шаққанда 14,9 пайызды құраған. Бұл статистиканы 2012 жылмен салыстырсақ, бір қалыпты. Проблема – медициналық кадр тапшылығында.

 

Олжас Қабижанов, СҚО бойынша денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің бас маманы:

– Бүгінгі жиынның мақсаты – ақхалаттылардың жұмысын көрсету. Қазіргі күні ана мен баланың денсаулығын жақсарту үшін әр түрлі бағдарламалар қолға алынуда. Және дәрігерлер өз біліктіліктерін арттырып жатыр. Дегенмен де облыста 200 балалар дәрігері қажет.

 

Бас қосуға жиналғандар облыстық балалар ауруханасының кішкентай емделушілерінің өз қолдарымен жасаған бұйымдарын тамашалай алды.

Бану Ахметова