Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев, Ақжар және Уәлиханов аудандарында болды

 

М.Жұмабаев ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімінің алғаш аялдаған жері – Фурманов селолық округіндегі “Акса-Север” серіктестігі. Осы жерде аудан агроқұрылымдары жетекшілерімен әңгіме барысында Ерік Сұлтанов көктемгі дала жұмыстарының қарқыны, жанар-жағармаймен қамтамасыз етілу жағы қалай екендігін сұрады.

Ұлт көшбасшысы етті ірі қара әлеуетін арттыру тапсырмасын міндеттеген болатын. Осыған назар аударған облыс әкімі диқандар қауымына егіншілікпен қатар, мал шаруашылығын дамытуды да қолға алу керектігін атап көрсетті.

“Чистовское” серіктестігіндегі көктемгі дала жұмыстарының барысы жайында облыс әкімін қожалық басшысы Анатолий Глушко құлағдар етті. Шаруашылық бүгінде 16 мың гектар жерді өңдеуде. Оған қоса 400 бас ірі қара өсіреді екен.

Жалпы алғанда аталмыш аудандағы көктемгі дала жұмыстары соңына таяған. Шаруалар қауымы жанар-жағармай, минералдық тыңайтқыштармен дер кезінде қамтамасыз етілген. Десе де шешімін күткен мәселе де жоқ емес. Оның дені ел мен елді жалғайтын күре жолға қатысты.

Бұдан соң облыс әкімінің жұмыс сапары Ақжар ауданында жалғасты. Онда бүгінгі таңда 238 шаруа қожалығы мен 29 серіктестік жер өңдеумен айналысады. Оларға тиесілі жалпы алқап көлемі 300 мың гектардың үстінде.

Аталмыш аудандағы ірі инвестор “Богви” фирмасы өз жұмысын тоқтатқалы оның құрамына енген серіктестіктер бүгінде өз алдына бөлек жұмыс істеуде.

Бүгінде аталмыш аудандағы ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің орташа жалақысы 40 -55 мың теңгенің шамасында. Ол әрине аздық етеді. Осыны атап көрсеткен өңір жетекшісі агроқұрылым басшыларына айлық жалақы мөлшерін 80 мың теңгеден кем қылмаулары керектігін ескертті.

Осы күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов уалихандық шаруалар қауымымен де жүздесті. Өз шаруасын дөңгелетіп отырғандардың бірі “Уызбай” шаруа қожалығы.

Аудандағы ірі қара саны 11 мың шамасында. 200 мың гектар жері бар, оның үстіне Ресеймен және Павлодар облысымен шектесетін аймақ үшін бұл өте төмен көрсеткіш деп атап көрсетті облыс әкімі.

Бұдан соң өңір басшысы аталмыш аудандағы “Ар” серіктестігінің элеваторына ат басын тіреді. Агроқұрылым аталмыш нысанды өткен жылдың тамызында іске қосқан.

Уәлихан ауданындағы жұмыс сапарының соңында өңір жетекшісі “Жолдаспай Агро” серіктестігінің мал шаруашылығы қосынына аялдады. Серіктестік бүгінгі таңда егіншілікпен қатар төрт түлік өсірумен де айналысады. Қазіргі күні 200-ге жуық қазақы ақбас, 400 бас абердино-ангус тұқымды сиыр өсіруде. Соңғысын өткен жылы алған.

Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі аталмыш аудан шаруаларының еңбектеріне сәттілік тіледі.

 

Самат Есмағи