Балалар

Биыл жазда 18 сауықтыру лагері балаларды қабылдайды

“Серебряный бор” балалар сауықтыру лагері қазір 6-17 жас аралығындағы демалушыларды қабылдауға толығымен дайын. Биыл жөндеу жұмыстарына аудан бюджеті есебінен жатын орынға жаңа жиһаздар, асханаға қажетті электр пеші сатып алынды. Бұрындары балақайлар сүйіп жейтін тәтті тоқашты мұндағлар тапсырыспен алдыртатын. Енді өздері пісіретін болды. Былтыр үш монша салдыртыпты. Оған қоса лагерьге демеушілер қаржылай қолдау көрсетіп тұрады. Мәселен, “Основание” ЖШС биыл жарты млн. теңгеге екі корпустың шатырын жаңартып, пластикалық терезелер орнатып беріпті. Мына “Ромашка” деп аталатын әткеншекті қалыпқа келтірген.

 

Гүлшат Сыздықова, “Серебряный бор” балалар сауықтыру лагерінің директоры:

-Мұнда баланың әр күні текке өтпейді. ән айту, каратэ сынды 10 шақты үйірме жұмыс істейді. Қалағандарына түрік, қытай тілдерін үйрететін тіл мамандары бар бізде. Зерігіп кетпес үшін су жаңа компьютер, ноутбук сатып алдық. Ара тұра табиғатқа жаяулатып саяхат жасап тұрады. Кешқұрым алау жағып, өлең айтады, би билейді.

 

Лагерь қарағайлы орманда орналасқандықтан, бұл жердің ауасы таза, суы тұзды. Бұл әр баланың сауығуына үлкен әсерін тигізері сөзсіз. Мында өкпе мен тыныс алу жүйесі зақымданғандар әдейілеп келіп, ем алатын көрінеді. Биыл 960 бала демалады деп жоспарлануда. Осы бастан 600-ге тарта жеткіншекке лагерьге тегін жолдама беріледі. Оның тең жартысы жетім, мүгедек және әлеуметтік аз қамтылған жанұядан шыққандар. Қалғандарына жолдаманың құны 14 500 тг. 6 маусым бойы жұмыс істейтін сауықтыру орыны алғашқы қонақтарын маусымның 9-нан қабылдайды.

 

Гүлшат Сыздықова, “Серебряный бор” балалар сауықтыру лагерінің директоры:

-Балалардың денсаулығын күнделікті 2 білікті медициналық қызметкер қадағалайтын болады. Күн сайын балаларға денсаулық сағаты өтетін болады. Таңғы шықта жалаң аяқ жүргіземіз. Содан кейін құм, тұз төселген арнайы жолдардан жүргізіп, табанға иога терапия жасатамыз. Күнде моншаға түседі. Ағзаға пайдалы 12 түрлі қосындысы бар табиғи шөптен жасағлан фитошай ішеді. 5 мезгіл тамақтандырамыз. Соның 3-шісі дәрумендерге толы тамақ.

 

Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдасытру үшін биыл өңірде 18 сауықтыру лагері жұмыс істемек.

 

Светлана Летучая, СҚО білім басқармасы бөлімінің басшысы:

-Сондай-ақ биыл 570 мектеп жанында сауықтыру алаңқайлары жұмыс істемек. Жолдаманың құны 9,5-17 мың теңге арасында. Әдеттегідей жетім және мүгедек, аз қамтылған отбасыларының балалары тегін демалады.

 

Жалпы өңір шәкірттерінің 86 пайызы яғни 58 мыңға жуық бала биыл түрлі жазғы шараларға тартылмақ.

 

Берік Қасен