Билік

Халықаралық балаларды қорғау күнін тойлау Балалар ауылында дәстүрге айналған

Отбасылық үлгідегі балалар ауылы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 33 жеткіншектің тұрғылықты мекеніне айналды. Өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов мұнда жасалған жағдайлармен танысып, балдырғандармен тілдесті.

Облыс әкімі мерекеге орай базарлықтарын ала келді. Әр 4 жанұяға бір-бір ноутбукты сыйға тартты.

Дәстүрге сай шағын ауылда 1 маусым халықаралық балалар күнінде үлкен думан. Қонаққа қайырымды жандар келеді. Мерекелік бағдарлама әзірленеді.

 

Виктория Голубцова, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:

– Бізге әрдайым қонақтар келіп тұрады. Қайырымды адамдар бос қол келмейді. Көптеген сыйлықтар жасайды. Алғысымды білдіремін. Барлық балаларды бүгінгі мерекемен құттықтаймын.

 

Ерік Сұлтанов балалар ауылын аралады. Мұнда жеткіншектердің игілігіне 4 үй салынған. Әрбірі бір жанұядай тату тұрмыс құруда. Өңір жетекшісі тиісті ведомство басшыларына ауыл аумағын кеңейтуге тапсырма берді.

Бүгінде облыста 1960 жетім және ата-ана қамқорлығынан айрылған бала бар. 600-і интернаттарда тәрбиеленуде. Мереке Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында аталып өтті. Сондай-ақ қалалық мәдени және демалыс саябағында да балғындардың назарына кешенді бағдарлама ұсынылды.

Облыс әкімі «Балалар әлеміне саяхат» атты театрландырылған қойылым, карнавалды шеру мен түрлі спорттық тартыстарды да тамашалады.

 

Жеңіс Ермұқанов