Спорт

“Олимпиада үміттері”

Мына жиналған балалар аудан, облыс және ел чемпионаттары мен турнирлеріне қатысып, өңір намысын қорғап жүрген жас спортшылар. Олардың барлығы спорттың әр саласында жетістіктерге жеткен. Бүгін балғындарды облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы құттықтап, игі тілегін жеткізді.

 

Руслан Есеналин, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

-Бұл акцияға соңғы үш жылда спорттың әр түрінен өзін көрсете білген дарын иелері келіп отыр. Шараға спортшы балалармен қатар жағдайы төмен отбасылардан шыққан жеткіншектер мен ювеналдық полицияда тіркеуде тұрған бүлдіршіндер келіп отыр. 2 күнге жалғасатын акцияда олар облыс орталығының көрікті жерлерін тамашаламақ.

 

Шараны өткізуге мұрындық болған Қайсар Малғаждаров атындағы жеке қайырымдылық қоры. Айта кету керек, Қайсар Мағжанұлы өңірдің кеден қызметінде еңбек етіп, балалардың спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануын назардан тыс қалдырмаған. Алайда ол әуе апатынан мезгілсіз қаза болды. Осы жылы құрылған қор мүгедек спортшылар мен жас спортшыларға көмек беруде.

Шараға облыстың атын шығарған спортшылар да қатысуда. Елена Костенко – гір көтеруден спорт шебері. Ол балғындардың спортқа деген қызығушылығын осындай акциялар арқылы арттыруға болады дейді.

 

Елена Костенко, гір көтеруден спорт шебері:

-Облысымызда спортпен шұғылданып жүрген жас спортшылардың саны күннен күнге артуда. Олар ел жарыстарында облысымыздың атын шығарып, лайықты өнер көрсетіп жүр. Өз тарапымыздан біз оларға ақыл-кеңесімізді айтамыз.

 

Кейін барлық спортшыларға спорт киімі табыс етілді. Олардың қатарында Уәлиханов ауданынан келген Дана Боранбаева да бар. Спортшы қыз еркін күреспен 3 жылдай айналысуда. Осы уақыт ішінде палуан облыстық және республикалық жарыстарда топ жарған.

Ал 1 маусым күні ұйымдастырушылар жас спортшыларға қызықты бағдарлама ұсынды. Балғындар қаланың көрікті жерлерін аралап, артынша 6 командаға бөлініп, футбол ойнады.

 

2 күндік саяхат соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен медальдар табыс етілді. Акцияны ұйымдастырушылар келер жылы да осы шараны өткізбек ниетте.

 

Бақыт Сәдуақасов