Билік

Петропавлды абаттандыру облыс әкімінің бақылауында

2015 жылдың шілдесінде Петропавлда спорт кешені қолданысқа беріледі. Жоба құны – 3,6 млрд тенге. Бүгінде маңызды нысанның құрылысына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірлік барысымен танысқан облыс әкімі тиісті ведомство басшыларына көптен күткен спорттық ғимаратты көтеру жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

– Жоба-сметалық құжаттары дайын. Байқауды бүгіннен қалмай жариялау керек. Бас мердігер жауапкершілікпен қарауы керек. Қайтсек те бір жылда маңызды нысанды аяқтауымыз қажет.

 

Кешенде мұз айдыны мен жеңіл атлетикалық манеж болады деп жоспарлануда.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

– Өңірлік хоккей құрамасын жасақтау керек. Бүгінде 25-30 жас аралығындағы ойыншылар деңгейі әлсіздеу. ҚР жоғарғы лигасында облыс намысын лайықты қорғай алатын жастарды іздеу керек. 80 пайызы жергілікті жігіттердің болғаны абзал. Келесі жылы бюджетті нақтылап, ол үшін қазынадан қаржы бөлеміз.

 

Осы жерде Ерік Сұлтанов «Жас өркен» ауданының құрылыс жобасымен де танысты. Кейін өңір жетекшісі Жұмысшы кенті мен облыс орталығын байланыстыратын көпірдің жағдайын көрді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылыс басына да аялдады. Бүгінде 3,5 млрд. теңгенің тек 30 пайызы игеріліпті. Бар жұмыс ауқымының 65 пайызы ғана орындалған. Ерік Сұлтанов бас мердігерден құрылыстың жоспардан қалыспауын талап етті.

 

Ерік Сұлтанов, СҚО әкімі:

– Не ұстап тұр, неліктен тек бөлінген қаржының 30 пайызы игерілді. Құрылысқа 15 емес 500 адамды тарту керек. Үстіміздегі айда кемінде 700 млн теңгенің жұмысын еңсеру қажет. Бар жұмысты 1 тамызға дейін аяқтауды тапсырамын. Сол айдың 25-не дейін жабдықтар орналастырылып, мемлекеттік комиссияның актісі қолымызда болсын. Құрылыс мерзімін шегереміз деген сұрақ мүлде туындамауы керек.

 

Зияткерлік мектеп 720 оқушыға шақталған. Кешенде 120 жатын орны да қарастырылмақшы. Өңірдің бірінші басшысы Береке ауданынында бой түзеп жатқан өзге де нысандарды байқады. Жыл соңына дейін «Қол жетімді баспана 2020» бағдарламасы аясында мұндағы 10 тұрғын үйде қоныс тойы аталып өтілмек.

Ерік Сұлтанов болашақ индустриалдық аумақты да көріп шықты. «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС бас директоры Марат Абюров шаруашылығының іргесін кеңейтпекші. Ол үшін оқшауланған темір құбырларын шығаратын тағы бір кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.

Облыс орталығындағы М. Жұмабаев пен Абай көшелеріндегі жол жөндеу шаруалары да Ерік Сұлтановтың назарынан тыс қалмады. Кейінгі аялдама Юбилейный ауданындағы баспана құрылысы болды. Қаланы абаттандыру шаралары да ерекше бақылауда. Облыс әкімі бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралады. Кейбір орамдардың тазалығы сын көтермейді.

“Кызылжар су” ЖШС-де өңір басшысына су тазартқыш және кәріздік желілерді жаңғырту жұмыстары туралы баяндалды.

Облыс әкімі орталық жылу магистралін жаңа құбырларға алмастыру ісімен де таныс болды. Осы жерде өңір жетекшісі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының жүзеге асу барысынан құлағдар етілді.

Сапарының соңында аймақ басшысы жеке секторларда қиыршық тас төселген жолдардың сапасын байқады.

 

Жеңіс Ермұқанов