Мәдениет

Облыстық филармония 49-шы концерттік маусымын жапты

 

Іс-шараға республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, үлкен сахналарда жаңадан танылып келе жатқан опера әншісі Жанат Алпысбаева қатысты. Ол КСРО  халық әртісі Бибігүл Төлегеновадан тәлім алған. Өнер саласында жүргеніне 20 жылдан асыпты.

Көрермендер алдында «Туған Жер» би ансамблі, камералық хор, эстрада-симфониялық оркестр, «Қызылжар» халықтық музыка ұжымы, қазақ ұлттық аспаптар оркестрі өнерін көрсетті. Бұлар көпшілік сүйіп тыңдайтын, халық көңілінен шыға білген өнер ұжымдары.

Осы жыл облыстық филармония үшін табысты болған екен. Әртістер бірқатар өңірде концерт беріпті. Өнер ұжымы Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы байқауда жүлделі орынды еншілеген.

Кезекті маусымның жабылуымен өнер ұжымын өңір басшысының атынан орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтады. Еңбегімен ерекшеленген өнер майталмандарына облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.

Енді облыстық филармонияның кезекті 50-шы концерттік маусымы қыркүйек айында ашылады.