Балалар

Тарихтың ақтаңдақтары ұрпақ жадында

 

Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Тарихтың ақтаңдақтары ұрпақ жадында» атты көрме жайылған. Онда жастардың назарына солақай саясаттың құрбандары жайында мәлімет ұсынылды. Өткен ғасырдың 28-50 жылдары аралығында тоталитарлық режимнің кесірінен 100 мыңнан артық отандасымыз жазықсыз жапа шекті. Жалған жала жабылып, халық жауы деген айып тағылған 27 мыңы ату жазасына кесілді. Бұл қасірет Кеңес Щдағы құрамындағы бірде-бір елді де айналып өтпеді. Қазақ жері 1 млн. астам жер аударылғандардың еліне айналды. Бұрынғы одақтас мемлекеттерден 130 мыңнан астам адам СҚО жер аударылды.

Тарихтағы ең қатал және жаппай жазалау салдарынан  қазақ зиялылары, бетке ұстар ұландары құрбан болды. Аяусыз қырылғандардың қатарында жерлестеріміз де жоқ емес. Соңғы 8 жыл бойы жиналған бұл қаралы есепте 6800-ге жуық солтүстікқазақсандықтың аты-жөні белгілі болып отыр. Араларында алты алаштың арысы М. Жұмабаевтың болғаны мәлім. Ақиық ақын сенген жастар бүгін бас қосып, репрессия құрбандарының рухына тағзым етті.

 

Анастасия Абрамова, М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық-педогогикалық колледжінің студенті:

– М.Жұмабаевты үйінен ешбір айыпсыз алып кетті. Тар қапаста қамауда болған 7 жылда жарымен 14 мәрте кездескен. Кейін хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Қайда қаза болғаны әлі күнге дейін беймәлім. Мен бүгінгі жиынға нар тұлға жайында баяндама әзірлеп әкелдім.

 

Өстіп қайырымды ұрпақ Голощекиннің ашаршылығын, күштеп ұжымдастырудың ауыртпалығын мойымай бастан өткерген қайсар халық есімі мәңгі ұмытылмайтынын тағы бір паш етті.

 

Жеңіс Ермұқанов