Без категории

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдері қала ортасындағы мәрмәр тасқа жазылған

 

Құдайберді Шәжімбай саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш жанына жиі келеді. Өйткені сол зұлмат жылдарда оның атасы қуғынға ұшыраған.

 

Құдайберді Шәжімбай:

-Үлкен атамыз Шайжан 1929 жылы елде біреулердің көрсетуімен кетті. Оны түгел жанұясымен Көкаралға айдаған. Оның інісі деп менің атама да тықыр таяған. Жан сауғалап біздікілер Ресейдің Түмен облысына көшкен.

 

Бір түнде бас сауғалап шекара асқан отбасы тек соғыстан кейінгі жылдары ғана елге оралады. Ал 1963 жылы оларға аталарыңыз жазықсыз репрессия құрбаны болды деген ақтау қағаз келіпті. Содан кейін міне қанша уақыт өтсе де, Құдайберді Шәжімбайдың жадында ата-әжесінің айтқан әңгімелері сақталып қалған. Жерлесіміз Шәжімбай Бейсекеновтың есімі мемориал ескерткіштегі мыңдаған жерлесіміздің арасына кіргізіліпті. Сондықтан, 31 мамыр күні ол қуғын- сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюды әдетке айналдырған.

 

Құдайберді Шәжімбай:

– 31-і біз осында келіп, гүл шоғын қоямыз. Осы жерде өтетін барлық іс-шараларға қатысып тұрамыз.

 

Бүгіндері сол нәубет жылдары зардап шеккен жандарға тағзым етуге арналған мемориалдық тақтада 7 мыңға жуық азаматтың есімі жазылған.

 

Мағжан Ахмадина