Бизнес және экономика

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау

 

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау қамында былтыр өңір прокурорлары мемлекеттік органдарда 63 тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде 600-ге  тарта заңбұзушылық тіркелген. Ұлт көшбасшысы шағын және орта бизнес субектілерінің өркендеуіне тосқауыл болар тексеруге мораторий жариялағалы қашан. Алайда шенді-шекпенділер тарапынан жүргізілген бақылауға шағымданатын іскер азаматтардың қатары аз емес. Мәселен, құзырлы органдардың әрбір екінші тексерісі жоспарға кіргізілмеген. Бұл жеке ісін өрге домалатамын деген бизнесменнің қарбалысын одан бетер шиелендіре түсетіні анық.

 

Айдос Кеңбейілов, СҚО прокуратура басқармасының аға прокуроры:

– Жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзған 83 лауазымды тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге мәжбүрленді. Оның 56-сы прокурорлық актілердің шығарылуына қатысты. Жазаланғандардың негізі бизнес жүргізуге әкімшілік тосқауылдар құрған әкімдік пен білім саласының қызметкерлері.

 

Алтын көрсе, періште жолдан таяды демекші, қаржы айналымынан өзіне тиесілі емес үлесті жымқыруға осындай ынтық жандар табылып жатады. Құзырлы орган шешіміне сәйкес, заңсыз 9 актінің күші жойылып, 800 мың теңгенің әкімшілік айыппұлы негізсіз салынған деп танылды. Бұндай ағаттықтарды болдырмау қамында жуырда кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы мен бас прокуратура өзара меморандум жасасты. Бірлескен келісімнің нәтижесі де жоқ емес.

 

Тұрар Ысқақов, CҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Биыл өңір кәсіпкерлерінен 611 өтініш түсті. Оның 405-сі ауылдық елді мекендерде өз ісін ашқандар. Шағымдарын тексеру нәтижесінде әкімшілік тосқауыл қойылған 100-ден артық факті расталды. Осының негізінде нормативтік актілерге өзгерту енгізу бойынша 53 ұсыныс жасадық. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында қабылданатын кәсіпкерлікті қолдау заңнамасына 490 тілегімізді жолдадық. Оның 300-ге жуығы жаңа құжаттың жобасына кірістірілді.

 

Жалпы бүгінде осы тектес кешенді шаралардың нәтижесінде жергілікті 120 жеке іс иелерінің еленбеген заңды құқықтары қорғалып, шығынның орны толтырылды.

 

Жеңіс Ермұқанов