Kurultai banner mobile

Қоғам

Жылу желілері жаңартылып жатыр

«Петропавл жылу желілері» ЖШС қарамағында 230 шақырымнан астам жылу трассасы бар. Қазіргі таңда олардың 72 пайызының тозығы жеткен. Биыл серіктестік «Океан» сауда үйінің маңында жатқан 2-ші жылу магистралін күрделі жөндеуден өткізу үшін Еуропа қайта құру және даму банкінен 1 млрд. теңге несие алған.

 

Игорь Осняч,«Петропавл жылу желілері» ЖШС директорының орынбасары:

– Өткен жылы ХҚКО жанында 2/23-ші камераны жөндедік. Биыл енді Астана мен Абай көшесі қиылысындағы ұзындығы 890 метр 2-ші жылу магистралын күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Бұл жылу желісі №17 мектепке дейін созылып жатыр. Оны жөндеуге 460 млн. тг. қаржы бөлінді. Қазір бұл жерге 12 бірлік техника мен 30 шақты жұмысшы тартылып отыр. Олар ескі құбырларды диаметрі 600 мм-лік полиэтиленмен қапталған жаңаларына алмастыруда.

 

Бұл жұмыстарды серіктестік тамыз айының соңына дейін аяқтауды жоспаралап отыр. Полиэтилен  материалмен қапталған құбырлар жылу энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұндай құбырлардың тағы бір артықшылығы – олар дымқыл жердің өзінде 25 жылға дейін шыдас беретін көрінеді. Жылу желілері тартылған соң, көше бойында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.

 

Игорь Осняч, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директорының орынбасары:

– Осы аумақтағы жұмысты бітіргеннен кейін асфальт төсеп, жолды қайта қалпына келтіреміз. Одан кейін жоспарға сай үлгеріп жатсақ, «5 жұлдыз» дүкенінен бастап Киров зауытына дейін негізгі көшелерде созылып жатқан № 1 жылу магистралін жөндеуге көшеміз. Ол инвестициялық бағдарлама аясында, яғни тұрғындардың жылуға төлеген ақшасы есебінен қаржыландырылады.

 

Болашақта қаланың оңтүстік бүйірінде шағын аудан бой көтермек. Соған байланысты 1-ші жылу магистраліндегі диаметрі 400 мм-лік ескірген желілер толығымен 500 мм-лік пенополиуретанмен қапталған жаңа құбырларға алмастырылады. Демек, бұл жаңа ауданның тұрғындарына жылу қажетті мөлшерде тасымалданады деген сөз.

 

Берік Қасен