Қоғам

Жамбыл ауданында бозбала жоғалып кетті

Мамырдың 27-сі күні Жамбыл аудандық ішкі істер бөліміне  Чапаев елді мекенінде 17 жастағы бозбаланың жоғалғаны жайлы ақпар түскен. Арызданушының сөзінше, жасөспірім оқу жылының тәмамдалғанын Буденный селосының маңындағы орманда сыныптастарымен атап өткенін, кешкісін сол ауылдағы жолдасының үйінде қонатынын айтқан. Бірақ досы үйінде болмай шығады. Түнгі 11 шамасында бозбала туыстарына қоңырау шалып, Чапаевқа қайта келетінін хабарлайды. Содан бері оны ешкім көрмепті.

 

Оксана Единцова, СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Қазір аталмыш факті бойынша іздестіру шаралары қолға алынып, жоғалған бала жайлы ақпар мен оның түр-түсінен жеке құрам құлағдар болды. Іздестіру шараларына Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінен бөлек жергілікті тұрғындар да жұмылдырылды.

 

Жамбыл ауданындағы Чапаев селосының 17 жасар тұрғыны Владислав Юрьевич Виниченко аталмыш елді мекенде ата-анасымен бірге тұрған. Қазір бозбаланы іздеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

 

Оксана Единцова, СҚО ІІД кримининалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Аталмыш факті жайлы кім де кім қандай да бір мәлімет білетін болса, онда полиция бөліміне, немесе 102, 39-40-07, 39-41-78 телефондарына хабарласуларын сұраймыз.

 

Бозбаланың бойы 165-170 сантиметр шамасында. Шашы ақшыл-сары, көзі қара. Басына қара түсті спорттық телпек, үстіне “Адидас” деген жазуы бар сұр түсті спорттық кеудеше, қара түсті шалбар мен кроссовки киген. Қолында «Nokia X2» телефоны болған.

 

Самат Есмағи