Қоғам

Облыста 3 мешіт және 4 шіркеу тұрғызылуда

Ең алдымен облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Мұратбек Зейнуллин «СҚО-да конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту» атты баяндамасын оқыды. Одан түсінгеніміз аймақтағы діни ахуал тұрақты. Жастар теріс пиғылды ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін де жыл бойы түрлі ақпараттық- насихаттық жұмыстар жүргізіліпті. Келешекте де мұндай шаралар жалғасын таппақ. Бұдан өзге Мұратбек Зейнуллин өткен жылы тіркеуден өтпей қалған татар-башқұрт мешітінің қазіргі жағдайы жайлы сөз қозғады. Өйткені бұл тұста айтылып жүрген алып-қашпа әңгімелер көп көрінеді.

 

Мұратбек Зейнуллин, СҚО дін істері жөніндегі басқарманың басшысы:

-Мешіт діни ұйым ретінде өз жұмысын жалғастырады. Кей адамдар ол коммуналдық меншікке өтіп жатыр деп айтуда. Бірақ ол қауесет. Алла үйіне келушілер үшін 3 тілде, яғни қазақ, орыс және татар тілдерінде уағыздар оқылады. Біз құқықтық мемлекет болғандықтан сот шешіміне қарсы келе алмаймыз.

 

Кейін Мұратбек Зейнуллин журналистер сауалдарына жауап берді. Төртінші билік өкілдері өңірімізде тіркеуден өткен теріс пиғылды ағымдар бар ма деп сұрады.

 

Мұратбек Зейнуллин, СҚО дін істері жөніндегі басқармасының басшысы:

– Бізде Свидетели Иеговы ағымы бар. Бірақ олар ресми түрде тіркелген. Бізде тіркеуден өтпей қалған тек евангелиялық баптистер одағы ғана. Бұдан өзге бізде теріс пиғылды ағымдар жоқ.

 

Қазіргі таңда өңірімізде 7 діни нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың 3-уі мешіт болса, 4-і православ сеніміндегілердің шіркеуі.

 

Мағжан Ахмадина