Қоғам

Мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына өзгертулер енгізілді

Бағдарламаға қатыспас бұрын, тұрғындар ең алдымен көпқабатты баспанада жүргізілетін негізгі жұмыс түрлерін айқындап алғаны жөн. Бүгінде жөндеу шаралары минималдық және максималдық деп 2 түрге бөлінген. Соңғысында үйдің алды мен лифтерін жөндеу қарастырылған. Бұл бағдарламадағы 1-ші өзгеріс.

 

Сергей Худяков, СҚО ПИК қауымдастығының төрағасы:

-Бұрындары тұрғындар баспаналарына жөндеу өткізу үшін ПИК есепшотына жалпы соманың 3,7 пайызы көлемінде алдын ала қаражат жинайтын. Енді бұл шарт бағдаламадан алынып тасталды. Бұдан былай көпқабатты үйдің тұрғындары бағдарламаға қатысу үшін оларда жеке ПИК  болуы керек. Жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы жалпы жиналыстың шешімі және тексерістен өткендігі туралы бекітілген смета болуы қажет. Сонда ғана олар бағдарламаға иек арта алады.

 

Үшіншіден, көп қабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыстарын бас мердігер ретінде тек мемлекеттік компания ғана жүргізуге құқылы. Сергей Худяковтың айтуынша, біздің өңірде онымен айналысатын мекеме жалғыз екен. Күрделі жөндеу жұмыстарымен “Петропавл қалалық тұрғын үй қызметі” ЖШС  айналысады. Ал оларға қосалқы мердігер компанияларды жалдауына болады.

 

Сергей Худяков, СҚО ПИК қауымдастығының төрағасы:

-Төртіншіден, көп қабатты үйде міндетті түрде жылу есептегіш құрал мен жылуды реттейтін автоматтандырылған басқару жүйесі болуы қажет. Өйткені, аталған энерготиімді құрылғылар арқылы біз шығынды қаншалықты азайтқанымызды біліп отыра аламыз. Көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты бағдарламаның басты тармағы осы болып есептеледі.

 

ТКШ жаңғырту бағдарламасы өңірімізде жүзеге асқалы облыс орталығында 3 жылдың ішінде 108 көпқабатты баспана жөндеуден өткен. Үйлерді жаңғырту шараларына 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. 2014 жылы да аталмыш жоба аясында 40-қа жуық көпқабатты үй жөндеу көрмек. Бұл бағдарлама 2020 жылға дейін жүзеге асырылмақ.

 

Берік Қасен