Билік

Астанада Еуразиялық экономикалық одақ құру жөнінде келісім жасалды

 

2014 жылғы мамырдың 29-ы егеменді еліміз үшін ақ түйенің қарны жарылған маңызды дата ретінде қалатыны анық. Шежіремізге алтын әріптермен жазылатын күні Ресей, Беларусь пен Қазақстан елдерінің Президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру жөнінде келісімге тұрды. Үш мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин және Александр Лукашенко қол қойған құжат 2015 жылдың 1 қаңтарынан заңды күшіне енбек. Бұл тарихи қадам болашақта тараптардың мүдделерін қорғап, экономикалық әлеуетін арттыру қамында жасалды. Бірыңғай экономикалық кеңістік аясын кеңейту – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы.

Ендігі мақсат өзара тиімді әріптестіктің сәтті жүзеге асуын қамтамасыз етіп, саяси жеңістің жемісін тату. Бүгінде жаңа одақтың алғышарттарын зерделеген халықаралық сарапшылар оның өміршеңдігіне шүбә келтірмейді. Бүкіләлемдік сауда ұйымының қағидаттары мен ережелеріне негізделген құжат өзге мемлекеттерді құрамына қосуға ашық тұрады. Үш елдің экономикалық әріптес ретінде бірігуі бүгінде төрткүл дүниенің назарында. Көбі осы күннен-ақ қатарға қосылуға ниет танытуда. Бірінші болып, одаққа Армения енуге мүдделі екендіктерін мәлімдеді. Кейін көршілерінің шешімін Қырғыз, Тәжік елдері іліп әкетуге дайын отыр.

Әлеуметтің әл-ауқатын жетілдіру ісінде алға адымдауды доғармай заманауи амал-тәсілдер қарастырылуы шарт. Бәсекеге қабілетті болу үшін әлемнің озық деген елдерінің тәжірибесін болмысымызға сәйкестендіріп ендіру қажет. Бұның шындыққа жанасатынын кедендік одақ көрсетіп отыр. Өңіріміздің барлық сыртқы саудасының 4-тен 3-і елімізбен кедендес мемлекеттерге тиесілі. Импорттан экспорттың даму деңгейі әлдеқайда жоғары. Сыртқа отандық өнім шығару үрдісі екі есеге артып отырғандығы байқалады. Екі жаққа да тиімді әріптестіктің кемшіліктері де 10 пайызға азайған.

 

Құралай Жарова,СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

– Экономикалық интеграцияның негізі шекаралас елдермен әріптестік орнату арқылы қаланды. Бұл орайда Ресей Федерациясымен жасасқан келісімдердің маңызы зор. Іскерлік кездесулер 1,5 есеге артты. 500-ден артық бірлескен кәсіпорындар ашылды. 2010  жылдан тауар айналымы 15 пайызға өсті. Ендігі кезекте еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы бұл жетістіктерімізді еселеуге жол ашады.

 

Қазақстан үдемелі индустриалық-инновациялық дамудың даңғыл жолына түсті. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы қос құрлықтың біріңғай нарықтық кеңістігіне бәсекелестігімізді танытады. Сондай-ақ, бұл қадам еліміздің тауар айналымы мен қызмет көрсетудегі өркениеттілігінің жоғары көрсеткіші болып табылады. Әсіресе жаһандық интеграцияға өлкенің өндіріс ошақтары сәтті араласып жатыр. Бұл орайда СҚО 70-тен артық мемлекетпен сауда-саттықты жақсы жолға қойған. Бүгінде тауар айналымы 1 млрд. АҚШ долларына жеткен. Петропавл құбыр зауыты жыл басынан ғана Ресейге 245 млн теңгенің төл өнімін жөнелтіпті.

 

Марат Абюров, “Петропавл құбыр зауыты” АҚ бас директоры:

– Біз жақын шетелдерге экспортқа шығу үшін 2 жыл бұрын қамдана бастадық. Өндіріс көлемін кеңейтіп, технологиялық үрдістерді сапаландыра түстік. Құбырларымызға РФ “Газпром” АҚ 2013 жылдан тапсырыс берді. Басында 158 млн теңгенің жоспарын орындадық. Өсім бар. Биылдың соңына дейін 600 млн. теңгенің құбырларын экспорттауды жоспарлап қойдық. Еуразиялық одақтың құрылуы жаңа әріптестер табуға мүмкіндік берді.

 

“Молсервис” ЖШС – бастамадан мол үміт күтетін кәсіпорындардың бірі. Мұнда сүт өнімдері 1991 жылдан бері шығарылады. Бүгінде төл өнімдерінің 20-дан астам түрі ел нарығына мықтап енген. Шаруашылық ісін жаңғыртуда Ресейден қондырғылар алынды. Бүгінде көрші елден шикізат жеткізіліп тұрады екен.

 

Сергей Чепурко, “Молсервис” ЖШС директоры:

-Бүгін сөзсіз тарихта қалар күн. Үш ел экономикасы бірікті. Еуразиялық одақ құрылып, 100 миллионнан астам потанциалды тұтынушыға жету мүмкіндігі туды. Жолдың алшақтығы өзгермегенімен, тауар айналымының уақыты жылдамдай түседі. Көп уақыт жұмсалатын қағазбастылық машақатынан құтылдық. Сонымен қатар бәсекелестіктің де артқанын назардан тыс қалдырмау керек. Бұл алға дамуымызға итермелейтін тың үрдіс болғаны анық.

 

Шынымен, бұл қадам отандық тұтынушыға жететін тауардың құнын өсірмеуге, ал жергілікті өнімді сапаландыра түсудің таптырмас жолына айналмақ.

 

Жеңіс Ермұқанов