Мәдениет

Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мәліметтер жиналуда

 

Қуғын-сүргінге ұшыраған жерлестеріміздің бірі журналист – Сабыр Айтқожин Петропавлда “Бостандық туы” губерниялық газетінің редакция алқасын басқарған. Бүгін жерлесіміздің фотосуреті солақай саясаттың құрбанына айналған өзге жандардың арасына ілінген. Десе де қиын уақытта, өздеріне жағылған қара күйеден арылып, ақталып шыққан теріскейліктер де болған екен. Мысалы, Қалимола Қарабатыров Мамлют ауданы, Бостандық ауылдық кеңесі төрағасынің міндетін атқарып жүргенде Жапон тыңшысы деп айыпталған. Сөйтіп, кеңес үкіметіне қарсы шықты деген жаламен оны 1937 жылы тұтқынға алады. Бірақ оны 1958 жылдың күзінде облыстық  сот ақтап шықты.

 

Ирина Горбацевич, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының маманы:

-Репрессия жылдары тұтқындалған қазақстандықтардың саны бүгінгі қолда бар деректердегіден әлдеқайда көп болуы мүмкін. Оны қазір ғалымдар зерттеп жатыр. Мәселен, жерлесіміз Жамбыл ауданының тумасы Галауетдин Мамеков 38 жылы ату жазасына кесілген. Оның жалғыз ғана мына суреті біздің мұражайда сақталған. Ал, оған қатысты басқа мәліметтер бізде жоқ.

 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ашылған көрмеде  қазақ халқының ардақтылары – алашорда  қайраткерлерінің де суреттері ілінген.

 

Ирина Горбацевич, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының маманы:

-Ғалымдардың пайымдауынша, сол кездегі Алаш партиясының бағдарламасы қазіргі Конституциямыздың түп қазығы болуы мүмкін еді. Елімізде ата заңның кең құлаш жаюына сол кезде кеңес үкіметі кедергі болды. Тек Қазақстан егемендік алған жылдары Алаш арыстары туралы мәліметтер жарыққа шыға бастады. Партияның негізін құруға төрағасы Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов сынды Алаш белсенділері атсалысты.

 

Бұл қасірет Кеңес Одағының құрамындағы бір елді де айналып өтпеді. Экскурсия жетекшісі Иринаның ата-әжесі де сол зобалаң жылдары біздің елге жер аударылған.

 

Ирина Горбацевич, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының маманы:

-Олар көбінесе неміс не басқа ұлттың адамы болғаны үшін жазаланып отырды. Әр түрлі елден Қазақстанға жер аударылғандардың арасында дарынды адамдар көп болды. Оған мына суреттер куә. Мәселен, “ГУЛАГ”: көргендер көзқарасымен” атты сурет көрмесінде 6 қылқалам шеберінің 30 шақты суретін ұсындық. Олар әр суретін бояудың орнына үй хайуанаттарының қанын пайдаланып, қарындаш болмаса, шошқаның терісін іске жаратып салған.

 

Бұл көрме жаздың аяғына дейін жалғасады.

 

Берік Қасен