Балалар

Маусымның 1-де балалар қызыққа кенеледі

Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста 145 мыңнан астам бала бар. Бүкілқазақстандық акция аясында 1 маусым күні өлкеміздің жер-жерінде жасөспірімдерге сан алуан мерекелік шаралар өткізілмек. Өскелең ұрпақ қайырымдылық концерттер, түрлі байқаулар мен спорттық жарыстарға тартылады. Ұйымдастырушылар кешенді бағдарламада әр қатысушы талғамына сай қалаған қызығын таппай кетпейтіндігін айтады.

 

Елена Мезева, СҚО балалар құқығын қорғау басқармасы басшысының орынбасары :

– Негізгі шаралар Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында өтеді. Қазір ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарды жаңғыру үшін жарыстар өтеді. Дарындарын ашу үшін түрлі шығармашылық байқаулар ұйымдастырылады. Өнер ұжымдары құттықтауларын ән-жырмен жеткізеді.

 

Жалпы облыс аумағында барлығы 500-ден артық мерекелік шара ұйымдастырылмақ. Бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған әлжуаз топтарға көңіл бөлінетін болады. 2 мыңнан арттық жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған жеткіншекке аттракциондарға тегін жолдама таратылды. Әткеншектерге берілген билеттердің қызығын 1 қазан айына дейін көруге болады.

 

Владимир Козлов, «Мир аттракционов» ЖШС директоры:

– Бұл күні аттракциондарға үлкен кезек болады.  Ата-аналар кішкентайларын дәл осы мерекеде жетектеп әкеледі. Кейін реніштер жиі туындайды. Барлығын бірдей қабылдауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан түсінушілікпен қарауларын сұраймын.

 

Халықаралық балаларды қорғау күнінде дәрігерлердің қарауындағы жас науқастар да назарсыз қалмайды. Қаламыздың бірқатар шығармашылық ұжымдары облыстық балалар ауруханасында өнер көрсетеді. Тағдырдың тәлкегімен 4 қабырғаға қамалып қалған мүгедек жандар да бұл күннің ерекшелігін сезінетін болады.

 

Ринат Ельжасур, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінде 400-ден астам мүгедек бала үйлерінде отыр. Үйді-үйді аралап әр жарымжанға мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Базарлықтар таратамыз.

 

Барлығы мерекелік шараларға 95 мыңнан аса бала жұмылдырылмақ. Сондай-ақ 1 маусымда кәмелет жасына жетпегендерге қоғамдық көліктерде тегін қатынау мүмкіндігі жасалады.

 

Жеңіс Ермұқанов