Қайырымдылық

Кәсіпкер мектепке орындықтар сыйлады

 

Бүгінде елімізде жеке ісін ашамын деген немесе бизнесін кеңейтуді көздеген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Үкіметтен беріліп отырған мүмкіндікке жүгінгендердің бірі – Евгений Борисевич. Жеке кәсіпкер ағаш өңдеумен 2008 жылдан бері айналысады. Өткен жылы өндірісін кеңейту мақсатында “Бизнестің жол картасы 2020” мемлекеттік бағдарламасының аясында 1 млн 900 мың теңгенің несиесін рәсімдеген. Оған ағаш кесетін станок пен үстел, орындық жасайтын цех ашыпты. Бүгінде жоспарлаған ісі өрге басып келеді.

 

Евгений Борисевич, “Борисевич Е.А.” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Ауылда өз ісін ашамын деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетіні қуантады. Былтыр мен несиені тез рәсімдедім. Жылдық үстеме ақысы да тиімді. Несиені 5 жылға алып едім. Жарты жылдың ішінде берешек соманы түгелімен өтедім.

 

Мұнда бар-жоғы 6 адам жұмыс істейді. Олар әр апта сайын 12 орындық жасап шығарады. Өнімдерін Петропавлдан өзге, Астана, Көкшетау, Щучинск қалаларына сатуда. Жеке кәсіпкердің алдағы жоспарлары ауқымды. Сондықтан мемлекеттің қолдауына тағы да жүгінсем деген ниетте.

 

Евгений Борисевич, “Борисевич Е.А.” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Шикізат пен ағашты кесетін жабдық алу үшін 2,5 млн теңге қажет. Сондықтан да былтырғыдай несие алсам ба деймін. Қазір қажетті соманы рәсімдеу ғана қалды.

 

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай жеке кәсіпкер Қызылжар ауданындағы Озерное орта мектебіне 10 орындықты сыйға тартыпты. Бұндай тартуға оқу ошағының басшылығы өз алғыстарын білдіруде.

 

Татьяна Багинская, Озерное орта мектебі директорының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– Жеке кәсіпкер Евгений Александровичке рахмет айтамын. Өйткені, мұндай сыйлықты кез-келген адам жасай бермейді. Сондықтан, Евегний Борисевичтің кәсібі өрге баса берсін деп тілеймін. Бұл біз үшін күтпеген сый болды.

 

Ағаштан үстел мен орындық жасаумен айналысатын жеке кәсіпкер өткен жылдың қыркүйек айынан бүгінге дейін 2 млн 100 мың теңгенің өнімін саудалапты.

 

Бану Ахметова