Білім

Білімділер мен тапқырлар сайысы

 

Білімділер мен тапқырлар жарысына облыс орталығының колледждерінен 4 команда қатысып отыр. “Золотой состав” деп аталатын мына құраманың мүшелері Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің намысын арқалаған. Команда капитаны Ғазиз Мәдиев сайысқа жоғары дайындықпен келгендерін айтып отыр.

Ойынға қатысушылар 3 кезеңнен тұратын сыннан өтті. Алғашында, әр топ өздерінің командаларын таныстырса, кейінгі екі кезеңде берілген тақырыптар бойынша сұрақтарға жауап қайырды. Сондай-ақ студенттер Қазақстан Республикасының рәміздері мен Қазақстан және әлем тарихынан берілген тапсырмаларға мүдірмеді. Ұйымдастырушылар зияткерлік шара арқылы жастардың тапқырлығын ұштап, оқу-білімге деген құштарлықтарын арттыруды көздепті.

 

Римма Солдатенко, СҚО бойынша “Жас Ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы” ҚБ маманы:

-Өркениетті елдердің қатарына қосылу үшін ең бастысы жастарымыз білімді болуы тиіс. Ал білімді болу үшін студенттер жүйелі түрде үйреніп, оқығанды зердеге тоқулары тиіс.Үміткерлердің әрқайсысы зияткерлік жарыста өздерін көрсете білген жастар.

 

Сайыс қорытындысы бойынша 3-ші орынды өнер колледжі еншілесе, екінші орынға М. Жұмабаев атындағы колледж тұрақтады. Ал СҚУ колледжінің студенттері үздік атанды. Адамзат тарихында қай кезеңде болмасын ғылым мен білім мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Сондықтан да қазіргі ғаламдық өзгерістерге сай озық 50 елдің қатарына қосылу үшін білімді жастардың көп болғаны аса қажет.

 

Бақыт Сәдуақасов